Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев Ыстықкөл облысының тұрғындарымен кездесуінде күрделі энергетикалық жағдайдан шығудың жолы тақырыбын талқыға салды. Сонымен қатар, шенеунік жиналғандарға елдің энергетика саласында төтенше жағдай енгізілгенін де ескертті, деп хабарлайды TuraNews.kz inbusiness.kz сайтына сілтіеме беріп.
«Бізге күн және жел электр станцияларын салу қажет. Бұл өндірісті арттыруға септігін тигізеді. Бірақ оларды салу үшін инвестор алдымен жер мәселесін шешуі керек. Басқа аймақтармен салыстырғанда, Ыстықкөл облысы энергетика саласына үлкен инвестиция тартуда. Бізге бұл мүмкіндікті жіберіп алмаған дұрыс.
Энергетика министрлігі бірқатар инвесторлармен меморандумдар мен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Енді осы жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайық. Бұл – бірлесіп шешуді талап ететін мәселе. Сондықтан, энергетика саласын дамыту бағытында тығыз жұмыс жасағанымыз абзал», – деп түсіндірді министр.