«Азия Олимпиада кеңесі 2025 жылы Ташкентте өтеді деп жоспарланған Азия жастар ойындарының Бахрейнде өтетінін мәлімдейді. 2 желтоқсан күні өткен ұйымның атқарушы комитеті отырысында бұл туралы шешім қабылданды», — делінген Азия Олимпиада кеңесінің ресми хабарламасында.
АОК атқарушы комитетінің онлайн отырысында Өзбекстанның Ұлттық Олимпиада комитеті хат жібергені айтылған.
«Ташкенттегі Олимпиада қалашығының құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмауы себепті, 2025 жылдың қыркүйек айында өтетін ойындарды басқа мерзімге шегеруге болмайтындығы ескеріліп, турнирді ұйымдастыру Бахрейн еліне беріледі», делінген хабарламада.
Бахрейн Олимпиада комитеті спорт инфрақұрылымдары, тұрғын үй және медициналық қызметтер бойынша 2025 жылғы ойындарға дайын екенін хабарлаған.
Бұл жағдайға қатысты Өзбекстан Олимпиада комитеті мәлімдеме жасады.
«Ташкентте салынып жатқан Олимпиада қалашығы тек жастар арасындағы Азия ойындары үшін ғана емес, кешенді болашақта өзбек спортының дамуына жаңа деңгейге көтеретін ғылыми-әдістемелік кластерге айналдыру көзделген. Бұл жерде заманауи спорт нысандарынан бөлек, Спорт министрлігі, көптеген федерациялар мен ассоциациялар, спорт академиясы, спорт медицинасы ғылыми-тәжірибелік орталығы сияқты ғимараттар да орналасады. Осы жерде ұлттық құрама командаларын дайындауда теория мен практиканың бірігуі жоспарланған.
Сонымен қатар, пандемиядан кейінгі шектеулер себепті Олимпиада қалашығының құрылысын салуға қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу процесінде үзілістер болғаны және пайдалануға беру мерзімінің кейінге қалуы ескеріліп, Өзбекстан тарапынан АОК-тан жарысты тағы бір жылға кейінге шегеруді сұрағаны айтылды», делінген ресми мәлімдемеде.