17 жастағы Қазақстан спортшысы садақ атудан Азия чемпионы атанды
Таиланд астанасы Бангкокта садақ атудан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Осы сында 17 жастағы Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Андрей Тютюн топ жарды, деп Bassport.kz порталына сілтеме жасап TuraNews.kz хабарлайды.
Құралмалы садақпен (Compound bow) нысана көздеуде ұлттық құрама спортшысы Андрей Тютюн алтыннан алқа тақты. Одан кейін тұғыр сатысына Джун Хо Ким (Оңтүстік Корея) мен Абхишек Вермадан (Үндістан) көтерілді. Қола медаль иегері 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы, Ханчжоудағы ойындардың күміс жүлдегері Абхишек жартылай финалда отандасымыз Андрей Тютюнге жол берген.
Командалық садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы жарыста Оңтүстік Корея құрамасынан жеңіліп, күміс медальға ие болды.
Ерлер командасы классикалық садақ атудан да екінші орынды иеленді. Бұл жарыста да Оңтүстік Кореяның садақшылары тағы үздік болды.