Қоғам

ШҚО: Егіз сарбаздар сайлауда алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Өскемен қаласындағы “Шығыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің аумағындағы №121 сайлау учаскесінде Ұлттық ұланның 600-ден астам сарбазы дауыс берді. Олардың қатарында Өскемендегі 6699 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін атқарып жүрген ағайынды егіздер Виктор мен Михаил Бризицкий де бар. Олар кезектен тыс мәслихат депутаттарының сайлауында алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін танытты.

Алматы облысының Қарабұлақ ауылынан шақырылған егіз ағайындылар бүгінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр.

Виктор мен Михаил үшін әскери өмірдің басталғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Олар бір айдан астам уақыт бойы жас жауынгер курсынан өтіп, әскери дайындықтың негіздерін меңгерді, жалпыәскери жарғылармен танысып, әскери тәртіпке бейімделді. Өткен аптада ғана Әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын адал атқаруға салтанатты түрде уәде берді.

Енді жас сарбаздар Өскемен гарнизонында орналасқан түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік міндеттерін атқарады.

TuraNews

Back to top button