
Инвестиция тарту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру және шағын әрі орта бизнестің әлеуетін арттыру – ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттар. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыру, бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жетілдіру және жаңа өндіріс орындарын ашуға жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Инвестициялық климатты жақсарту ең алдымен кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы іскерлік орта қалыптастыруды көздейді. Ол үшін әкімшілік кедергілерді азайту, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу маңызды. Мұндай шаралар жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндірістік қуаттардың кеңеюіне және тұрақты жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді.
Бұл бағыт Ұлытау облысы үшін де айрықша маңызға ие. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті, пайдалы қазбалар қоры және өндірістік инфрақұрылымы инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, шағын және орта бизнестің үлесін арттыру облыстың ұзақ мерзімді даму міндеттерінің қатарына кіреді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Ұлытау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 368,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,4 пайызға жоғары. Аталған көрсеткіш өңірге инвестиция тарту бағытындағы экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.
Кәсіпкерлік саласының дамуы да өңір экономикасында маңызды орын алады. 2026 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша, Ұлытау облысында 16 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның 11 мыңнан астамы жеке кәсіпкерлер. Бұл сектор сауда, қызмет көрсету, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда халықты жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді.
Кәсіпкерлерді қолдау бағытында қаржылық және қаржылық емес құралдар қарастырылған. Атап айтқанда, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландыру, бірлескен кәсіпорындар құру, инвесторларға кеңес беру және жобаларды сүйемелдеу тетіктері ұсынылады. Сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді алуға және қажетті құжаттарды дайындауға көмек көрсетіледі.
Өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. 2026–2029 жылдарға арналған 58 бюджеттік инвестициялық жобадан тұратын өңірлік жоба пулы қалыптастырылған. Оның құрамына инженерлік, әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй құрылысы және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы бастамалар енгізілген.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, өндіріс, сауда және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе жергілікті өнім өндіру, оны өңдеу және өткізу тізбегін дамыту шағын бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды.
Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында кәсіпкерлік әлеуетті кеңейту үшін әр аумақтың экономикалық ерекшеліктерін ескеру қажет. Өнеркәсіптік қалаларда өндірістік жобаларды дамытуға, ал ауылдық аудандарда ауыл шаруашылығы, туризм және жергілікті өнім өндірісіне инвестиция тарту маңызды бағыттардың бірі болып саналады.
Жалпы, инвестициялық ахуалды жақсарту мен кәсіпкерлікті қолдау – тек жаңа капитал тарту емес, сонымен бірге өңірдің экономикалық құрылымын дамыту, жұмыс орындарын көбейту және халықтың табысын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Мемлекеттік қолдау мен жеке сектордың белсенділігі үйлескен жағдайда Ұлытау облысының өндірістік және кәсіпкерлік әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік бар.



