Қоғам

Адам құқықтары мен бостандықтары – жаңа конституцияның басты бағдары

Қазақстанның жаңа Конституциясы адамды, оның өмірін, қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайды. Бұл қағидат мемлекеттік басқарудың барлық саласында азаматтардың мүддесін бірінші орынға қоюдың құқықтық негізін қалыптастырады.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Ата Заңда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілді. Атап айтқанда, адамның нақты ұсталған сәтінен бастап қорғаушының көмегіне жүгіну құқығы, өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы, кінәсіздік презумпциясы және негізсіз ұстауға жол бермеу қағидаттары бекітілген.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті де конституциялық деңгейде қарастырылған. Бұл азаматтардың заңды мүдделерін қорғау тетіктерін нығайтып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Ұлытау облысы үшін де бұл нормалардың маңызы зор. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу, еңбек қатынастары, әлеуметтік мәселелер және өзге де қоғамдық қатынастар барысында заңмен қорғалған құқықтарын білуі маңызды.

Жаңа Конституция құқықтық сауаттылықты арттыруға, заңға деген құрметті қалыптастыруға және азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болады. Өйткені құқықтық мемлекеттің басты өлшемі – заңның бар болуы ғана емес, оның әрбір азаматтың өмірінде нақты жүзеге асуы.

TuraNews

Back to top button