
Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бойынша қаражаттың жұмсалуына бақылау жүргізетін мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасын
іске асыруға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау
жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды.
Мемлекеттік комиссияның міндеті – Бағдарлама жобаларының уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджеттік тәуекелдерге, бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу.
Бағдарламаны іске асырудың жоспарлау мен қаражатты бөлуден бастап, нысандарды нақты пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңі бақылауға алынады.
Мемлекеттік комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізіп, тәуекел деңгейі жоғары жобаларды анықтайды және кемшіліктерді жою жөнінде шаралар әзірлейді.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысына жүргізілген мониторинг бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсандық және жылдық есеп ұсынылады.
Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді.
Комиссия құрамына уәкілетті мемлекеттік органдар басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлердің және бизнес қауымдастықтың өкілдері енді.



