Алматы полициясы смарт-көзілдіріктің көмегімен іздеуде жүрген адамды анықтады
Алматыда биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-ақылды көзілдірік сынақтан өткізілді.
Алматы полициясы заманауи цифрлық технологияларды енгізуді жалғастырып келеді. Соның бірі – биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-ақылды көзілдірік. Ол адамның бет-әлпетін ведомстволық дерекқорлар арқылы жедел тексеруге мүмкіндік береді.
Құрылғы әзірге бір дана көлемінде пилоттық режимде қолданылып жатса да, алғашқы нәтижесін көрсетті.
— Жақында Алматыдағы мешіттердің бірінде ақылды көзілдіріктің көмегімен іздеуде жүрген ер адам анықталды. Ақпарат расталғаннан кейін ол ұсталып, тиісті органға тапсырылды, — деп мәлімдеді Алматы ПД.
Технология полиция қызметкеріне іздеудегі адаммен ықтимал сәйкестік туралы ақпаратты смартфон немесе планшет қолданбай-ақ, тікелей көзілдірік экранынан көруге мүмкіндік береді.
Жаңа технологияны енгізу іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, полицияның жедел әрекет етуіне және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.



