Жасанды интеллект чиптерін шығаруда әлемдік көшбасшы саналатын Nvidia компаниясының негізін қалаушы әрі 33 жыл бойы басқарған Дженсен Хуанг президент, бас директор және директорлар кеңесінің құрамынан кенеттен кетті. Бұл жаңалық жаһандық қор нарығында дүмпу тудырып, компания акцияларының құны бірден күрт төмендеді.
Ulysmedia.kz таратқан мәліметке сәйкес, жаңалық жарияланған сәтте-ақ биржа ашылмай жатып Nvidia акциялары шамамен 11 пайызға арзандап, 154,68 долларға түсті. Нәтижесінде компанияның нарықтық құны бір күнде шамамен 460 миллиард долларға азайды.
Уақытша басшы және жаңа төраға
Компанияның хабарлауынша, Дженсен Хуангтың бұл шешіміне қатысты нақты себеп әзірге айтылған жоқ. Тұрақты мұрагер тағайындалғанға дейін бас директор міндетін 2013 жылдан бері қаржы директоры қызметін атқарып келе жатқан Колетт Кресс уақытша атқарады.
Сондай-ақ компания тарихында алғаш рет директорлар кеңесінде төраға лауазымы пайда болып, бұл қызметке Synopsys компаниясының бұрынғы басшысы Харви Джонс тағайындалды. Ол басшылық командасына толық сенім білдіретінін жеткізді.
Инвесторлардың назары қараша айының 17-сіне ауды
Nvidia үшінші тоқсанның қаржылық есебін жоспарға сай 17 қарашада жариялайды. Қазіргі таңда инвесторлар мен сарапшылар компания басшылығынан бұл кенеттен болған өзгерістің себебін түсіндіріп, алдағы жоспарларын баяндауын асыға күтіп отыр.
Дағдарыстың артында не тұр?
Айта кетейік, бұл кадрлық сілкініс 63 жастағы Дженсен Хуангтың жеке өмірі мен корпоративтік тергеулерге қатысты ақпараттардың жария болуымен тұспа-тұс келіп отыр. Жақында The New York Times басылымы Хуангтың компанияішілік жанжалға қатысы бар екенін жазған еді. Осыдан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу бастаған болатын.
Компания өз кезегінде жағдайдың тұрақты екенін және барлық жоспарланған жобалар мен жұмыстар өз арнасымен жалғасатынын мәлімдеді.



