Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының кезекті құрылтайында бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
«Бірлік бар жерде тірлік бар», бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет. Баршаңызға мәлім, қазір еліміздің алдында маңызды міндеттер тұр. Бәріміз бір ел болып «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыратын болдық. 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болмақ. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады. Еліміз бойынша әртүрлі әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт инфрақұрылымы және басқа да ғимараттар, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар, әуежайлар салынады», деді Президент.
Мемлекет басшысы барлық өңірде мыңдаған жұмыс орны ашылатынын атап өтті.
«Отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер беріледі. Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес. «Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба. Біз ел игілігіне қызмет ететін нысандар салып, тұтас мемлекетіміздің келбетін жаңартамыз, бүкіл ұлтымыздың сана-сезіміне серпін береміз. Бірақ ең маңызды мәселе – біз келешек ұрпақтарға тұжырымдамалар мен жоспарлар, шетелдегі құнды қағаздарда сақталған, уақыт өткен сайын арзандап бара жатқан қаржыны емес, халыққа қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды аманат ретінде қалдыруымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



