COP31: Түркі мемлекеттерінің Өңірлік климаттық орталығы: мүмкіндіктері мен талаптары
Бүгін Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында «Түркі мемлекеттерінің Өңірлік климаттық орталығы: мүмкіндіктері мен талаптары» атты сессия өтті, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Сессияны «Қазгидромет» РМК Түркияның Мемлекеттік метеорологиялық қызметімен (TSMS) бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) Бас хатшысы, профессор Селесте Сауло, түркі мемлекеттерінің ұлттық гидрометеорологиялық қызметтерінің басшылары және халықаралық сарапшылар қатысты.
Қатысушылар ынтымақтастықты нығайтуға, климаттық қызметтерді дамытуға, деректер алмасуға және ерте ескерту жүйелерін жетілдіруге бағытталған Түркі мемлекеттерінің Өңірлік климаттық орталығын құру перспективаларын талқылады.
«Қазгидромет» РМК Бас директоры Дана Алимбаева өз сөзінде Қазақстанның Орталықты құру жөніндегі көзқарасын, оның негізгі функциялары мен даму перспективаларын ДМҰ талаптарын ескере отырып таныстырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша Орталықты құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және кезең-кезеңімен іске асыруға арналған жол картасын дайындау мақсатында техникалық жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді.
Қазақстанның Ұлттық павильонында сайд-ивент өткізу өңірлік климаттық ынтымақтастықты нығайту және түркі мемлекеттерінің климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.
Қазақстан Түркі мемлекеттерінің Өңірлік климаттық орталығын құру бастамасын қолдайды және оны өңірлік климаттық тұрақтылықты нығайтудағы стратегиялық маңызы бар қадам ретінде қарастырады.
Іс-шара соңында қатысушылар бүгінгі талқылау нәтижелері түркі мемлекеттері арасындағы климаттың өзгеруіне төзімділік пен метеорологиялық ынтымақтастық туралы ұсынылып отырған Анталья декларациясының мақсаттарын ілгерілетуге маңызды үлес қосатынын атап өтті.



