БастыҚоғамМәдениет
Trending

Ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды – Президент

Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін нақты айтқан еді.

– Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек.

– Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек, – деді ол.

Қ. Тоқаев біртұтас халқымызды бөліп-жаруға болмайтынын, өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайтынын, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайтынын жеткізді.

– «Бірлік бар жерде тірлік бар», бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет», – деді Президент.

 

Source
Inform.kz

TuraNews

Back to top button