Мәдениет
Trending

Астанада түрік миниатюрасының көрмесі ашылды

Астананың «OzgeEpic» кеңістігінде түрік суретшілері Танер Алакуш пен Ясемин Акйолдың «IZLEK» атты көрмесі басталды. Түркия Елшілігінің қолдауымен өткен шараға дипломаттар, өнер өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Экспозицияда авторлардың әр жылдары салған 41 туындысы қойылды. Көрменің мақсаты – екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту және дәстүрлі өнерді таныстыру. Шара барысында сөз алған Танер Алакуш миниатюра өнерінің ерекшеліктеріне тоқталды.

«Миниатюрада суретші көргенін айнытпай салуға міндетті емес. Кеңістікті бір ғана қырынан емес, жан-жақты бейнелейміз», – дейді автор.

Ол Осман империясы мен Жапония арасындағы тарихи оқиғаға арналған туындысында қаза болған теңізшілердің есімдерін жеке түсіріп шыққанын айтты.

Ал Ясемин Акйол қазақ пен түрік халықтарының өрнектері мен құндылықтары ұқсас екенін атап өтті.

«Біз қазақ тілін жақсы білмесек те, өнер арқылы бір-бірімізді түсіне аламыз. Екі еліміздің жүрек соғысы бір», – деді суретші.

Ерлі-зайыптының бірлесіп салған «Yan Yana» атты шағын анар бейнелі туындысы да екі халықтың рухани жақындығын көрсетеді.

Шараға қатысқан қазақстандық суретші Сембіғали Смағұлов түрік әріптестерінің еңбектерін жоғары бағалады. «Түркі халықтарының ынтымақтастығы бұрыннан қалыптасқан. Бүгін әріптестеріміздің еңбектерін көріп, қуанып отырмын», – деді ол. Екі елдің өнер өкілдері алдағы уақытта бірлескен жобалар жасауға ниетті.

Астанадағы бұл көрме 30 қарашаға дейін жалғасады.

Айта кетейік, 3 қараша күні Астанада 29 қазан – Түркия Республикасының республика күніне арналған салтанатты қабылдау өтіп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас атап өтілген болатын.

TuraNews

Back to top button