ҚоғамСаясат

Азаматтардың мемлекет басқаруға қатысуы – демократиялық қоғамның негізі

Демократиялық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігі. Азаматтардың қоғамдық мәселелерді талқылауға, сайлауға қатысуға, мемлекеттік органдарға өтініш жолдауға және өз ұстанымын білдіруге құқығы болуы қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтады.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 4-бабында Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі екені белгіленген.

Ата Заңға сәйкес халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады. Сонымен қатар өз билігін мемлекеттік органдар арқылы іске асырады. Бұл норма мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдерде азаматтардың рөлін айқындайды.

Конституцияның 35-бабында азаматтардың мемлекет ісін басқаруға тікелей және өз өкілдері арқылы қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгінуге, жеке және ұжымдық өтініш жолдауға құқығы бекітілген.

Бұл құқықтар азаматтарға өздері өмір сүріп отырған ортадағы мәселелерді көтеруге мүмкіндік береді. Мысалы, жол сапасы, ауызсу, абаттандыру, қоғамдық көлік, әлеуметтік инфрақұрылым және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша тұрғындар жергілікті органдарға ұсыныстарын жеткізе алады.

Улытау облысының қалалары мен аудандарында қоғамдық диалогты дамыту өңірлік мәселелерді тиімді шешуге ықпал етеді. Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау, қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру және жергілікті бастамаларды қолдау мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Азаматтық белсенділік тек сын айтумен шектелмейді. Ол қоғамға пайдалы ұсыныс енгізу, ортақ мәселелерді талқылау және қабылданған шешімдердің орындалуына жауапкершілікпен қарауды да қамтиды.

Халықтың үні естілетін, азаматтардың пікірі ескерілетін мемлекетте қоғамдық сенім нығаяды. Сондықтан жаңа Конституцияда азаматтардың басқару ісіне қатысу құқықтарының бекітілуі демократиялық дамудың маңызды негізі болып табылады.

TuraNews

Back to top button