Астанадағы Rixos қонақүйінде Түркия Республикасының Астанадағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Түркия Республикасының құрылған күніне арналған салтанатты қабылдау кеші өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Мерекелік шараға Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, жоғары лауазымды меймандар, дипломаттар, түрік іскерлік қауымдастығының өкілдері мен БАҚ басшылары қатысты.
Салтанатты кеште Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған шара қатысушыларына арнайы видеожолдау арнады. Өз сөзінде Түркия басшысы бұл датаның түрік халқының еркіндікке деген сөнбес жігерінің белгісі екенін айта келе:
«Біздің республикамыз – тарихы даңқты жеңістер мен күреске толы түрік халқының тәуелсіздікке деген ерік-жігерінің, еркін өмір сүруге деген табандылығының және өз тағдырын өзі шешуге деген ұмтылысының ең айқын белгісі. Халқымыз көрсеткен батылдық пен қайсарлық бүгін де бізге күш-жігер беріп келеді. Түркия бүгінде кешегіден де қуатты. Ертең бұдан да күшті, халықаралық беделі жоғары әрі барлық салада ықпалды мемлекет болатынына сенеміз. Біз бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігерімізді жалғастырамыз», – деп атап өтті.

Жиында сөз алған Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу екі бауырлас халықты ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын терең тарих біріктіретінін ерекше тебіреніспен жеткізді:
«Тарихтың сан тарау жолы бізді әлемнің әр қиырына жетеледі. Бір тармағымыз батысқа бет түзеп, Анадолыны өзіне қоныс етті. Екінші тармағымыз ұлан-ғайыр дала төсінде өз тарихын, мемлекеттілігін және бай мәдениетін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырды. Жолдарымыз бір-бірімізге алшақтағанымен, ешқашан жат болған емеспіз. Өйткені бізді біріктіретін тек ортақ тарихымыз ғана емес. Тілімізден бір-бірімізге етене таныс сөздерді естиміз. Ән-жырларымыздан ортақ сезімдерді сезінеміз. Сондықтан да 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте оның егемендігін әлемде бірінші болып Түркияның мойындауы айрықша мәнге ие. Бұл жай ғана дипломатиялық шешім емес, ғасырлар өткен соң бір-біріне қайта қол созған бауырлас екі елдің тарихи қауышуының нышаны еді», – деді дипломат.

Елші мырза өз сөзінде екі ел арасындағы экономикалық және саяси байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына да тоқталды. Бүгінде өзара тауар айналымы 10 миллиард АҚШ долларына жетіп, екі ел басшылары белгілеген 15 миллиард долларлық межеге жақындай түскен. Қазақстанда 5 мыңнан астам түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатса, Түркияның тікелей инвестициясы 6 миллиард доллардан асты.
Сонымен қатар, соңғы жылдағы жоғары деңгейдегі өзара сапарлар бұл әріптестікті су жаңа деңгейге көтерді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анталия дипломатиялық форумына, Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитіне қатысуы және Президент Режеп Тайип Ердоғанның Астана мен Түркістанға жасаған сапарлары стратегиялық ынтымақтастыққа зор серпін берді. Білім саласында да байланыс нығайып, Астана мен Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу жұмыстары жалғасуда.
Қазақстан Үкіметі атынан құттықтау сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындағаны ерекше оқиға екенін айта келе:
«Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындауы қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасындағы айрықша оқиға болды. Біздің сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсетініне сенімдімін. Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті түркі елдерінің бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті.

Тараптар 2027 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын да еске салды. Мерекелік кеш «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің өнерімен және түрік ұлттық асханасының дәмді тағамдары ұсынылған сый-асты қабылдаумен аяқталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым—Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің ашылу салтанатына қатысқан болатын



