БастыҚоғам

Экономика, цифрландыру және халықтың әл-ауқаты: Астанада Президент Жолдауының басымдықтары түсіндірілді

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Жолдау биыл «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталып, ол елдің одан әрі дамуының практикалық басымдықтарын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – елдің экономикалық, қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерін азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттау. Осы идеяны түрлі ұйымдар арасында түсіндіру мақсатында бір топ қоғам өкілдері Астанада бірнеше мекемеде кездесу өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Маңызды құжаттағы экономика, кәсіпкерлік және инвестиция, ізгілік қасиеттерін дамыту тақырыбын талдаған жұмыс тобының құрамында Құрылтай депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, осы кеңестің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, жазушы, драматург Роза Мұқанова және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин болды. Топ өкілдері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлермен, Назарбаев Университетінде студенттермен және Есіл ауданы әкімдігінде мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, Жолдаудың маңызды тұстарын тереңнен талдап түсіндірді. Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Спикерлер Президент нақты тапсырмаларды, қаржы ресурстары мен мерзімді айқындағанын алға тартып, оларды іске асыру үшін Үкіметтің, Құрылтайдың, орталық және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысын күшейту қажеттігін жеткізді.

-Жолдауда еліміздің дамуы үшін маңызды екі басты бағыт қарастырылды: «Халықтық құрылыс» және халықтық цифрлық экономика. Біріншісі әлеуметтік, көлік, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Екіншісі заманауи технологияларды кәсіпкерлікті дамытудың, еңбек өнімділігін арттырудың және табыс табу мүмкіндіктерін кеңейтудің құралына айналдыруға арналған. Осы ретте бүгінгі кездесулерге қатысушылар тарапынан өзекті сұрақтар қойылды. Дамудың жаңа кезеңі мемлекеттік шешімдердің сапасы мен оларды орындау үшін жауапкершілікті арттыруды талап етеді. Бұл – баршамызға ортақ жауапкершілік, — деді Т. Зейнұлқабден.

Спикерлер Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанның жаңа тарихи кезеңде тұрғанын тағы да атап өтті. Осы ретте Жалпыхалықтық құрылыс жылының маңызы – ауыл мен қала инфрақұрылымының арасындағы алшақтықты жоюда. Сондай-ақ олар ұлттың сапасын көтеру, сананы жаңғырту, мәдениеттілік, әдептілік жайын да қозғады. Соның аясында елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы жаппай қарқын алып жатқанын тілге тиек етті.

-Ұлттық және әлем әдебиетінің оқырмандары көбейді. Бұл қаламгерлердің де жауапкершілігін күшейтті. Себебі кешегі ауыл оқырмандары бүгінде қалалықтарға айналды. Қоғамдағы ізеттілік, әдеп, адалдық, еңбек адамы тақырыптары да — өзекті мәселе. Жолдауда әр сала бойынша тапсырмалар берілді. Әсіресе, құрылыс саласында осыған дейін тұрғын үйлердің, салынған емханалардың, мәдени орындардың сын көтермегені белгілі. Енді осыған халықтық бақылау, яғни Қазақстан Халық кеңесі тарапынан қатаң қадағалау болады. Халық кеңесі Astana Hub-пен бірге үлкен мониторинг жүргізеді.

Осылайша бұған дейінгі келеңсіздіктер жойылып, халыққа тиімді, ел мүддесіне сай келетін шаруалар көбейеді деп сенеміз, — деді Р. Мұқанова.

Экономикалық даму конституциялық құндылықтарды, қоғамдық келісімді және жеке жауапкершілікті нығайтумен қатар жүруі тиіс. Заңды құрметтеу, адал еңбек, әділдік және жасампаз патриотизм одан арғы өзгерістердің қоғамдық негізін қалыптастырады.

Цифрлы экономика тақырыбында сөз сөйлеген А. Әмрин стратегиялық мақсат – экономикасы тұрақты және өмір сүру сапасы жоғары деңгейдегі Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру екенін жеткізді. Кездесулерде ең көп сұрақ осы спикерге кәсіпкерлік, экономика тақырыбында қойылды.

TuraNews

Back to top button