ШҚО: 300-ден астам жас сарбаз қолбасшыға өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.
Ұлттық ұланның Өскемен гарнизонына қарасты 3477, 5518 және 6699 әскери бөлімдеріне жаңадан келген үш жүзден астам жас сарбаз «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиевпен кездесті.
5518 әскери бөлімінің клубында өткен жүздесу ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Кездесу барысында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге кіріскен жас толым өкілдері қолбасшыға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, әскери қызметтің қыр-сырына қатысты пікір алмасты. Бірі алдағы жауынгерлік қызметтің ерекшеліктеріне қызығушылық танытса, енді бірі генерал шеніне жетудің жолын сұрады. Қолбасшы сарбаздардың әрбір сауалына мұқият тоқталып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, нақты әрі мазмұнды жауап берді.
Мұндай жүздесулер жас жауынгерлердің әскери қызметке деген көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың бойындағы жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етеді.
– Мен Ұлттық ұлан қатарына Астана қаласынан шақырылдым. Қазіргі уақытта Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтейтін боламын. Бүгінгі кездесу ерекше әсер қалдырды. Қолбасшымен емін-еркін пікір алмасып, өзімізді толғандырған сұрақтарға жауап алдық. Әсіресе, оның Отанға адал қызмет ету, әскери тәртіп пен жауапкершілік туралы айтқан ойлары көңіліме қонды. Әскери қызмет – жай ғана азаматтық борышты өтеу емес, ел алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіну. Бүгінгі кездесуден түйген басты ойым осы, – дейді қатардағы жауынгер Ерасыл.
Айта кетейік, Өскемен гарнизонының әскери бөлімдеріне жаңадан келген жас сарбаздар Абай, Алматы, Павлодар облыстарынан және Астана мен Алматы қалаларынан шақырылған. Олар қараша айының ортасында әскери ант қабылдап, алдағы бір жыл бойы Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Құқықтық тәртіп әскерінде жас жауынгерлер Өскемен қаласының тыныштығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет үшін аса маңызды нысандарды және түзеу мекемелерін күзететін болады


