«Green Aral: Volunteers for Life 2026»: волонтерлер жаңа идеялар мен бастамаларды талқылады
Бүгін «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы аясында Арал ауданындағы Қамбаш тынығу лагерінде Өзбекстан мен Қырғызстан республикасы және еліміздің барлық өңірінен келген волонтерлердің қатысуымен секциялық отырыстар ұйымдастырылды.
Секциялық отырыстардың негізгі мақсаты – халықаралық волонтерлік ынтымақтастықты нығайту, қатысушылар арасында тәжірибе алмасуды дамыту, жаңа идеяларды талқылау және әлеуметтік-экологиялық бағыттағы тың бастамаларға қолдау көрсету.
Шара барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, өз бағыттары бойынша жұмыс жүргізді. Топтық талқылаулар кезінде волонтерлік қозғалысты дамыту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Әр топ өздерінің жаңа идеялары мен ұсыныстарын ортаға салып, оларды іске асырудың тиімді жолдарын талқылады.
Сонымен қатар, қатысушылар өз өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы пікір алмасып, халықаралық тәжірибені зерделеуге және бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ секция барысында экологиялық волонтерлікке, Арал өңірінің табиғи ортасын қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жастарды қоғамдық маңызы бар істерге тартуға ерекше назар аударылды. Қатысушылардың ұсыныстары волонтерлік қызметтің жаңа бағыттарын айқындауға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға негіз болды.
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан өкілдерінің бір алаңда бас қосуы халықаралық тәжірибе алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға жол ашты.



