ӘлемҚоғамТехнология
Trending

Цифрлық қауіпсіздік және ЖИ: Түркі мемлекеттері жалған ақпарат пен дипфейкке қарсы күресті күшейтеді

Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысында медиа саласының заманауи трендтері мен цифрлық сын-қатерлер кеңінен талқыланды. Жиынға қатысушылар жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуы ақпарат таратуды жылдамдатқанымен, дипфейктер мен жалған контенттің көбеюіне алып келгенін атап өтті.

Отырыс барысында сарапшылар мен уәкілетті орган өкілдері ЖИ арқылы шынайы бейне, сурет және дыбыс жазбасынан айырмашылығы жоқ ақпараттар жасау айтарлықтай арзандағанын, бұл ресми әрі сенімді дереккөздерге деген халықтың сенімін төмендетуі мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты журналистердің кәсіби жауапкершілігін сақтау, ЖИ қолданылған материалдарды ашық көрсету және медиасауаттылықты арттыру басты міндеттердің бірі ретінде ұсынылды.

Сонымен қатар, жиында цифрлық кеңістіктегі дезинформацияға қарсы әрекет етудің халықаралық платформалары мен заманауи ақпаратты тексеру (фактчекинг) модельдері қарастырылды. Қатысушы елдердің өкілдері жалған ақпаратты жедел анықтау, түркі тілдеріндегі ЖИ модельдерін жетілдіру, академиялық зерттеулерді қолдау және киберқауіпсіздік пен медиа саласында бірігіп мамандар даярлау бойынша тәжірибе алмасуды жандандыруға уағдаласты.

TuraNews

Back to top button