ӘлемҚоғамМәдениет
Trending

Анкарада «Түркі әлемінің диалогтары» халықаралық медиа форумы өтеді

Осы айдың соңында, яғни 30–31 қазан күндері Түркияның астанасы Анкара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XIII ресми саммиті аясында медиа саласының өкілдері, БАҚ ұйымдарының басшылары мен сарапшыларының қатысуымен ауқымды халықаралық форум ұйымдастырылады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан ТМҰ-ға мүше елдердің ақпарат саласына жауапты министрлерінің VIII отырысында Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи мәлімдеді.

«Түркі әлемінің диалогтары» халықаралық форумның күн тәртібінде стратегиялық коммуникацияны дамыту, қоғамдық дипломатия тетіктерін жетілдіру, дезинформация мен ақпараттық манипуляцияларға қарсы бірлесіп күресу, сондай-ақ түркі әлемінің ортақ тарихы, мәдениеті мен өркениеттік мұрасын халықаралық аудиторияға таныту мәселелері қарастырылған.

Ферхат Пиринччи өз сөзінде Анкарадағы ауқымды жиынға дайындық шеңберінде соңғы айларда Астана, Баку, Ташкент, Бішкек және Лефкоша сияқты түркі әлемінің басты қалаларында «Түркі әлемінің диалогтары: Ортақ болашақ, ортақ көзқарас» тақырыбында панельдік кездесулер сериясы сәтті өткізілгенін атап өтті. Аталған кездесулер түркі мемлекеттерінің медиа құрылымдары арасындағы диалогты жандандырып, ортақ коммуникациялық стратегияларды айқындауға берік негіз қалады.

TuraNews

Back to top button