«Астана – Өскемен» бағытымен төрт облысты басып өткен эстафета бүгін Шығыс Қазақстанда қорытындыланды. Науқанға бес мыңнан астам жас қатысып, жол бойындағы аумақтарды тазалаумен қатар, тарихи орындарды қорғау мен экологиялық мәдениетті насихаттауға күш салды.
Аталған эстафета 13–16 қазан аралығында Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтыды. Қатысушылар шамамен 1800 шақырым жол жүріп, 10 аудан мен 59 елді мекенде түрлі экологиялық шара өткізді. Эстафетаның ауқымы жиналған қоқыс көлемінен де көрінеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, науқан барысында 150 тоннадан астам қалдық жиналған.
«Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитовтың айтуынша, эстафетаның мақсаты жол бойын тазалаумен шектелмеген. Қатысушылар жергілікті жастармен кездесіп, экологиялық жауапкершіліктің маңызын түсіндірген. Сонымен қатар, «Вандализмге жол жоқ!» акциясы мен «Чемпиондық рух» жобасы аясында мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылған.
– Біздің мақсатымыз тек 1800 шақырымның бәрін тазалап шығу емес еді. Ең маңыздысы – осы бастаманың мәнін халыққа жеткізу. Шығыс Қазақстан жастарының белсенділігі жақсы. Ең бастысы, олар «Таза Қазақстан» жобасының маңызын түсініп отыр. Бұл біз үшін өте маңызды, – деді Ержан Болатұлы.
Тазалықтың мәні қоқыс жинаумен шектелмейді
Құрылтай депутаты Ерлан Саиров экологиялық мәдениетті қоғамдағы қарым-қатынас пен ортақ жауапкершіліктен бөліп қарауға болмайтынын атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бастамасын тек ауланы немесе ауылды тазалау деп түсінбеу керек. Оның мәні әлдеқайда кең. Бұл – жастардың ішкі мәдениеті, қоғамдағы қарым-қатынас және бір-бірімізбен ашық сөйлесе білу мәселесі. Тазалық елдің моральдық келбетіне де әсер етеді. Сондықтан бұл акцияның маңызы зор. Ол кейінгі ұрпаққа үлгі болады деп ойлаймын. Біз, ересектер, жастармен бір толқында болуға тырысып жүрміз, – Ерлан Бияхметұлы.
Эстафета кезінде табиғи аумақтармен бірге тарихи-мәдени орындарға да назар аударылды. Абай облысындағы Жидебай қорығы аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, қабырғалардағы заңсыз жазулар өшірілді. Бұл жұмыстар мәдени мұраға ұқыпты қарауға үндейтін «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында өтті.
– Біз қазір Шығыс Қазақстан облысындағы Привольное ауылындамыз. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы эстафетаның төртінші күні өтіп жатыр. «Әділет» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты қолға алған бұл жоба өте жақсы бастама. Біз жол бойын тазалап, тұрғындармен сөйлесіп, байланыс алмасудамыз. Мақсатымыз – Қазақстанды таза етуге үлес қосу, – деді Қоғамның экологиялық даму орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Танир Ясса.
Эстафетаның соңғы күні қатысушылар Семей мен Ұлан ауданы арасындағы 165 шақырымдық жол бөлігін, сондай-ақ Таврия ауылынан Өскеменге дейінгі 40 шақырым аумақты тазалады. Жол бойындағы жұмыстармен қатар, тарихи орындарды күтіп ұстауға да көңіл бөлінді.
«Шешек» демалыс аймағында эстафетаның қорытынды шарасы өтті. Қатысушылардың бір бөлігі Өскеменнен Ақбауыр шатқалына дейінгі 22 шақырымдық бағытты тазалап, 50 адам археологиялық кешен аумағын ретке келтіруге қатысты.
«Таза Қазақстан» Road-эстафетасы жол бойын тазалаумен ғана шектелмей, тарихи мұраға ұқыпты қарау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да назар аударды. Қоғамдық орындарды таза ұстау және тарихи ескерткіштерді қорғау бір реттік акциямен шектелмей, күнделікті дағдыға айналуы маңызды.



