Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) медиа және ақпарат мәселелері жөніндегі VIII отырысында маңызды шешімдер қабылданды. Жиын барысында ортақ телерадио хабар тарату желісін құру, теле және радио бағдарламаларын өзара алмасу, сондай-ақ 2027 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.
Кездесудің қорытындысында ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман ақпарат саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңге көшкенін атап өтті. Оның айтуынша, кеше өткен Медиа және ақпарат жөніндегі жұмыс тобының 13-отырысында бірқатар стратегиялық мәселелер пысықталған.
«Түркі мемлекеттерінің ортақ телерадио хабар тарату желісін құру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. Құжаттың мазмұнын талқылау үшін онлайн кездесулер ұйымдастырып, оны мүше мемлекеттердің қол қоюына толықтай дайындаймыз», – деді Омер Коджаман.
Жиында сондай-ақ Өзбекстан тарапы ТМҰ елдері арасында теле және радио өнімдерін өзара тарату туралы келісім жобасын әзірлеуді ұсынды. Тараптар бұл бастаманы қолдап, құжатты одан әрі жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта ортақ телерадио хабар тарату желісі аясында құрылатын арнайы комитет арқылы жүзеге асырылмақ. Қазақстан тарапының да медиа саласындағы серіктестікті нығайтуға қатысты ұсыныстары толықтай назарға алынды.
ТМҰ өкілі Астана қаласындағы жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтып, кездесудің негізгі тақырыбы – жасанды интеллект мен цифрландырудың өзектілігіне назар аударды.
«Желтоқсан айында Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда өткен бейресми саммиттің басты тақырыбы цифрлық даму мен жасанды интеллект болды. Бүгінгі отырыстың да осы бағытта өрбуі айрықша мәнға ие», – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар арнайы Коммюнике мен 2027 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес, алдағы кезеңде түркітілдес елдер арасында бірлескен медиа жобалар жүзеге асырылып, ақпараттық кеңістіктегі интеграция тереңдей түседі.



