БастыСаясатТехнологияЭкономика

Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты

Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, өз телекоммуникация жүйелерін алғаш рет өзара байланыстырды.

Жобаның салтанатты іске қосылуына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қатысты. Жаңа инфрақұрылым Азия мен Еуропа арасында деректер жеткізетін қосымша бағыт ашып, Қазақстанның халықаралық цифрлық транзиттегі рөлін күшейтеді.

Транскаспий ТОБЖ-сі Қазақстанның Қытайға шығатын құрлықтағы желілерін Әзербайжанның инфрақұрылымымен, ары қарай Кавказ бен Еуропа желілерімен тоғыстырады. Осылайша, халықаралық трафикті өткізу мүмкіндігін кеңейтетін және қолданыстағы байланыс арналарын сақтандыратын жаңа бағыт қалыптасады.

Бұл желінің іске қосылуы Қазақстан үшін халықаралық байланыс орнықтылығының артуын және ғаламдық желіге шығу бағыттарының әралуандығын білдіреді. Балама маршруттың болуы байланыс операторларына деректер ағынын икемді бөлуге және жекелеген бағыттарға тәуелділікті азайтуға жол ашады. Ал аймақ үшін жоба халықаралық цифрлық инфрақұрылымға қосылудың және Азия мен Еуропаның ірі нарықтары арасындағы транзитті дамытудың қосымша мүмкіндіктерін жасайды.

Суасты кабеліне 64 оптикалық талшық орналастырылған. Желінің жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады. Бұндай қуат қоры деректер тасымалын арттыруға және жоғары жылдамдық пен сенімді байланысты талап ететін сервистерді дамытуға берік негіз болады.

Сонымен қатар жаңа бағыт Қазақстанда деректер өңдеу орталықтарын (ДӨО), бұлтты платформаларды және жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттарын орналастыру мүмкіндігін арттырады. Халықаралық технологиялық компаниялар үшін сыйымды байланыс арналарының болуы мен сигнал кідірісінің төмендігі — алаң таңдауда және шетелдік клиенттерге қызмет көрсетуде басты шарттардың бірі. Уақыт көрсеткіштеріне сүйенсек, Ақтау — Ыстанбұл бағытындағы сигнал кідірісі небәрі 34 миллисекундты құрайды.

Халықаралық байланыс деңгейін арттыру Қазақстанға деректер транзитін арттырып қана қоймай, оларды сақтау мен өңдеу бойынша дербес қызметтерін де дамытуға жағдай жасайды. Бұл отандық технологиялық компаниялардың сыртқы нарықтарда жұмыс істеуіне жол ашып, елдің цифрлық инфрақұрылымға инвестиция тарту тартымдылығын арттырады.
Болжамға сәйкес, жаңа бағыттың арқасында транзиттік трафик көлемі екі еседен астам өсіп, таяу жылдары 21,6 Тбит/с-қа жетуі мүмкін.

2025 жылы белсенді жұмыстар басталғаннан кейін желіні іске қосқанға дейін екі жылдан аз уақыт өтті. Жобаны жүзеге асыру үшін теңізде зерттеулер жүргізіліп, маршрут кеме қатынасы, әскери және мұнай-газ қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып келісілді, сондай-ақ Каспий теңізінің түбіне кабель төсеудің техникалық күрделі жұмыстары орындалды.

Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосу – екі ел президенттерінің қолдауымен жүзеге асқан ортақ жоба және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың нақты дәлелі.

TuraNews

Back to top button