ҚоғамМәдениетСпорт

«Шығыс Салбурыны-2026» халықаралық фестиваліне 10 елден 176 бүркітші қатысты

Шығыс Қазақстанда V халықаралық «Шығыс Салбурыны – 2026» фестивалі өтті. Биыл фестиваль аясында алғаш рет құсбегіліктен Ашық Азия кубогі ұйымдастырылды.
Биыл фестивальге 176 бүркітші және тазыны баптаумен айналысатын 50-ден астам адам қатысты. Жарысқа Қазақстанмен қатар Венгрия, Грузия, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінің өкілдері келді.

Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы «Бүркіттөбе» этнокешенінде өткен ауқымды жарыстар қазақ халқының аңшылық дәстүрлерін дәріптеуге және ұлттық мұраны халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.

«Бүркіттөбе» алаңына жыртқыш құстармен жұмыс істеуді жай ғана спорттық жарыс емес, көпжылдық тәжірибені, шыдамдылықты және қанатты аңшымен ерекше түсіністікті талап ететін өнер деп білетін бүркітшілер мен сұңқаршылар жиналды. Жарысқа қатысушылар бүркіттерді, сұңқарлар мен қаршығаларды баптап, басқару шеберліктерін көрсетіп, өз елдерінің саятшылық дәстүрлерін таныстырды.

Сонымен қатар этнокешен аумағында 50 ақшаңқан киіз үй тігіліп, қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті мен қолөнері, облыс қалалары мен аудандарының тарихы және туристік әлеуеті таныстырылды.

Азияда алғаш рет ұйымдастырылған Ашық кубок — құсбегілік өнерінің бай мұрасын кеңінен насихаттауға және оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени оқиға. Халықаралық жарыстар қонақтарды әртүрлі елдердің аңшылық дәстүрлерімен таныстырып, мәдени байланыстарды нығайтады.
«Шығыс Салбурыны» фестивалінің тарихы 2021 жылы Бозанбайда өткен бүркітшілер жарысынан басталды. Алғашқы турнир «Қансонар» атауымен ұйымдастырылды. 2022 жылдан бастап іс-шара «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі ретінде өткізіле бастады. Бүгінде шара жаңа деңгейге көтерілуде. Фестиваль Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған ірі іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді.

Фестиваль аясында құсбегілер жарысынан бөлек, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, тазы иттердің жарыстары, жабайы жылқыларды үйрету, ат үстінде садақ ату және шауып келе жатып теңге ілу жарыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар бағдарламада қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі, танымал өнерпаздардың қатысуымен концерт және, әрине, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болды.

Осылайша, «Шығыс Салбурыны» фестивалі бірнеше бағытты біріктірді: спорттық бәсеке, әртүрлі елдердің мәдениетімен танысу және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлерді сақтау. Бозанбай үшін бұл — халықаралық деңгейде танылуға мүмкіндік болса, қонақтар үшін көшпенділердің көне өнерін музей экспозициясынан емес, іс жүзінде тамашалауға мүмкіндік.

Биыл өңірге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының делегациясы келді. Комиссия өкілдері Бозанбайда көне салт-дәстүрлерді сақтауға және бірегей дағдыларды келесі ұрпаққа жеткізуге жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Олардың айтуынша, шеберлер өз тәжірибелерімен тек жерлестерімен ғана емес, шетелдік қонақтармен де бөлісе алуы маңызды.

Бұл дәстүрдің халықаралық болашағы да бар. ЮНЕСКО-ның 2026 жылға арналған ресми материалдарында тазы мен бүркіттердің қатысуымен өтетін фестивальді Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы өтінім көрсетілген. Сонымен бірге сұңқаршылық өнерінің өзі бұл тізімге әлдеқашан енгізілген. Қазақстан халықаралық номинацияға қатысушы елдердің бірі болды.

Тартысқа толы өткен дүбірлі додада жеңімпаздар тізімі келесідей болды:

Бүркіт құсын салудан: 1 орын — Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы), 2 орын — Ерасыл Серікбекұлы (Астана қаласы), 3 орын — Бергенбай Тастанбек (Ақмола облысы), 3 орын — Аяжан Даниярқызы (Алматы қаласы).
Қаршыға құсын салудан: 1 орын — Заки Махмудхан (Түркістан облысы), 2 орын — Берікболсын Бабажан (Жамбыл облысы), 3 орын — Халифа Алтай Мубарак (ШҚО), 3 орын — Ерасыл Серікбекұлы (Астана).
Ителгі құсын салудан: 1 орын — Темірәлі Төлегенұлы (Қарағанды облысы), 2 орын — Бақдәулет Бабажан (Жамбыл облысы), 3 орын — Ануар Кеңес (Ақмола облысы), 3 орын — Ералы Тастанбек (Ақмола облысы).

Ал тазы жарысында үздік деп танылғандар: 1 орын — Ержан Жайық. Иттің аты Қарауыз (Өскемен қаласы), 2 орын — Саят Калакаев. Иттің аты Ақбақай (Семей қаласы), 3 орын — Мейір Жетпісов. Иттің аты Лашын (Тарбағатай ауданы).

Айта кетейік, «Шығыс Салбурыны – 2026» фестиваліне 15 мыңға жуық адам қатысты. Бұл — ұлттық спорт пен дәстүрлі өнерге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Құсбегілік — халқымыздың табиғатпен біте қайнасқан тіршілігінен бастау алған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнері. Алғашқы Ашық Азия кубогінің өткізілуі осы мұраны халықаралық деңгейде танытуға және ұлттық спорттың өрісін кеңейтуге жол ашты. Бозанбай төрінде бас қосқан құсбегілер бәсекесі ата дәстүрдің әлі де өміршең екенін аңғартқандай.

TuraNews

Back to top button