ДенсаулықСаясат

Жастардың синтетикалық есірткі тасымалы мен дропперлікке тартылуының алдын алу және ведомствоаралық үйлестіруді күшейту туралы

«Әділет» партиясы фракциясының депутаттық сауалы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Ішкі істер министріне, Ғылым және жоғары білім министріне, Оқу-ағарту министріне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданады.

«Әділет» партиясының бағдарламасында «Заң мен тәртіп» негізгі басымдық ретінде белгіленген. Осы ұстаным аясында фракциямыз жастардың есірткі қылмыстарына тартылуының алдын алуға ерекше назар аударады. Алайда жастарды синтетикалық есірткі тасымалына және банк шоттары арқылы заңсыз қаржы айналымына тарту қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр.

ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, елімізде 2025 жылы 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылса, 67 жасөспірім сотталған, ал 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып, 59 жасөспірім сотталған.

Осылайша, биылғы тоғыз айда сотталған кәмелетке толмағандардың саны өткен жылдың толық көрсеткішінің 88 пайызына жетті. Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді.

Сонымен қатар, жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың тағы бір өзекті бағыты – дропперлік. Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2026 жылғы маусымның басына қарай дропперлікке қатысты өндірісі аяқталған істерде күдікті ретінде өткен 214 адамның 159-ы – 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Оның ішінде 140 адам құқық бұзушылық жасалған кезде жұмыссыз болған. Бұл қылмыстың алдын алу шараларын жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізу қажеттігін көрсетеді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банктік шоттары арқылы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген.

Құқық қорғау органдарының жұмысын бағалай отырып, мәселені тек қылмыстық қудалаумен шешу мүмкін еместігін атап өтеміз. Қаржылық бақылау, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары өзара үйлесуі тиіс. Алайда ведомствоаралық үйлестіру жеткіліксіз.

Оқу жылының басында білім алушыларды ақшалай сыйақымен қызықтырып, банк шоттарын ашуға және өзге адамдардың пайдалануына беруге тарту алаңдатады. Жеңіл табысқа сеніп, шотын «жалға берген» жастар оның заңсыз қаржы айналымына пайдаланылу қаупін және өз жауапкершілігін жете түсіне бермейді.

Оқу орындарындағы профилактикалық жұмыста да олқылықтар бар. Бірінші курс студенттерімен түсіндіру жұмыстары, құқық қорғау органдарының тәрбие ісіне жауапты қызметкерлермен және психологтармен байланысы жүйелі жолға қойылмаған. Ақпаратты жастарға түсінікті тілде жеткізу тәсілдерін жаңарту қажет.

Есірткі мессенджерлер мен QR-кодтар арқылы таралып жатқанда, профилактиканы граффити өшірумен шектеу жеткіліксіз.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы мынадай шараларды ұсынады.

Біріншіден, оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын өзге адамдарға берудің қаупін түсіндіруді жүйелі ұйымдастыру қажет. Құқық қорғау органдарының оқу орындары қызметкерлерімен және психологтарымен тұрақты бірлескен жұмысын жолға қойып, профилактикаға қатысатын мамандарды жастармен жұмыс істеуге арнайы даярлау керек. 

Екіншіден, жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту қажет. 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Студенттерді шоттарын сыйақыға беруге тарту мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, тиісті міндеттерін орындамаған банктердің жауапкершілігін қарастыру керек. 

Үшіншіден, «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік осал жастардың қажеттіліктерін анықтап, атаулы көмек көрсету қажет. Оның ішінде мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен және киімге арналған ваучерлермен қамтуды, коммуналдық кәсіпорындар базасында еңбек заңнамасына сай күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыруды қарастыру маңызды.

Төртіншіден, құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім салаларының тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейту қажет. Әр органның міндеті, ақпарат алмасу тәртібі, орындау мерзімі және ортақ нәтиже көрсеткіштері белгіленуге тиіс. Бұл тетік қылмыстық схемаларды анықтауды, заңсыз қаржы ағынын тоқтатуды және тәуекел тобындағы жастарға көмек көрсетуді өзара байланыстыруы керек.

Жастарға заңды табыс табуға мүмкіндік беру және уақтылы әлеуметтік қолдау көрсету — оларды қылмыстық ортадан қорғаудың маңызды шарты. Осы ұсыныстар бойынша қабылданатын нақты шаралар, жауапты органдар және орындау мерзімдері туралы заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен, «Әділет» Фракциясының мүшесі Д.Ділдәбек

TuraNews

Back to top button