Қоғам

Ұлттық ұланның   Өскемендегі әскери бөліміне сарбаздардың алғашқы легі келді

Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөліміне келген  жас толымның алғашқы легі Абай, Павлодар облыстарынан және Қонаев қаласынан келді. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады. Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әскерге келген әр сарбазбен жеке әңгімелесулер жүргізіп жан – жақты зерделеп, әрі қарай әскери өмірдің қыр–сырын  үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды.

— Еліміздің төрт облысынан әскери бөлімге келетін  2-2026 жылғы шақырылым сарбаздарының саны екі  жүзге жуық болады. Жас толымның алғашқы легін теміржол вокзалынан әуелеген оркестр әуенімен қарсы алдық. Жас толықтырушыларды әскери бөлім басшылығы, оқу пунктінің әкімшілігі салтанаты түрде күтіп алды. Оларға әскери бөлім алдында қойылған  міндеттері жеткізіліп,  бөлім  тарихы мазмұнды түрде баян етілді, — дейді  6699  әскери  бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы майор Нұрбек Жукубаев.

Әскери бөлім күні ертең Алматы, Абай облысынан және Алматы қаласынан келетін  жас толыммен толығады. Жоспарға сәйкес, жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді. Әскери борыштарын өтеуге келген сарбаздар алдағы бір жыл қызметтері барысында нағыз шыңдалған ер азамат болып шығатындарына сенімді. Ол үшін  алдағы бір жыл ішінде  тынбай тер төгіп, толықтай әскери өмірді бастан өткеру тиіс. Айта кетейік,  жас сарбаздардың  салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі қараша  айында жоспарланған.

TuraNews

Back to top button