Қоғам

Өскеменде тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берілді

Өскемен қаласында «Әділет» партиясының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған қоғамдық қабылдау өтті.

Іс-шара барысында тұрғындарды адвокаттар, заңгерлер, нотариустар және жеке сот орындаушылары қабылдап, құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес берді. Қала тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын мамандарға тікелей жолдап, заңнама нормалары мен құқықтарын қорғау тетіктері жөнінде қажетті түсініктемелер алды.

Қабылдау кезінде атқарушылық іс жүргізу, сот актілерінің орындалуы, сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдану, сот шешімдеріне қатысты мәселелер, жер учаскелерін рәсімдеу және мұрагерлік құқыққа байланысты бірқатар өтініш қаралды.

Мамандар әрбір азаматтың мәселесін жеке қарастырып, одан әрі әрекет ету тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, кейбір өтініштер бойынша құқықтық көмек сол жерде көрсетілді. Атап айтқанда, мұрагерлік мәселесімен жүгінген азаматқа сотқа берілетін талап арызды әзірлеуге практикалық қолдау көрсетілді.

«Азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге жәрдемдесу және олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға қолдау көрсету – партияның маңызды бағыттарының бірі. Бүгінгі қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар білікті мамандардан тікелей кеңес алып, өз мәселелерін шешудің нақты жолдарын білді. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауына мүмкіндік береді», – деді «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мекеева.

Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша тұрғындарға құқықтық кеңес беріліп, олардың өтініштері бойынша тиісті түсіндірмелер ұсынылды. Партиялық жобалар аясындағы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

TuraNews

Back to top button