
Инвесторлармен өзара іс-қимыл тетіктерінің бірі – ҚР Үкіметі жанындағы инвестициялық штаб. Оның жұмысы жер учаскелерін беруден және инфрақұрылымға қосылудан бастап рұқсат беру рәсімдерінен өтуге, шикізатпен қамтамасыз етуге, қаржы көлемін құрылымдауға және құрылыс кезеңіне шығуға дейінгі жобаларды жүзеге асырудың барлық циклін қамтиды.
Соңғы үш жылда инвестициялық штабта 69 отырыс өткізілді, онда жалпы құны $154 млрд-тан астам 309 жобаның өзекті мәселелері қаралды. Шикізатты терең өңдеуге, локализациялауға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын ашатын жобаларға басымдық беріледі.
Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб: 41 инвестициялық келісім жасалды және инвестициялар ағыны 13 есе жеделдеді
Үкімет әкімшілік рәсімдердің мерзімдерін қысқарту және инвестициялар туралы келісімдерді пайдалану арқылы инвесторларды қолдау тетіктерін жетілдіруде.
2025 жылы Инвестштабтың шешімдері 9 өңірдегі 12 жоба бойынша жалпы көлемі $1,5 млрд-тан асатын капитал салу арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жеделдетілген тәртіппен бастауға мүмкіндік берді.
Ірі инвесторларды мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі — инвестициялар туралы келісімдерді қолдану едәуір кеңейтілді. 2025 жылы $29,8 млрд-қа 41 келісім жасалды, 2024 жылы $2,2 млрд-қа 6 жоба, 2026 жылдың басынан бері шамамен $11 млрд сомасына тағы 25 келісім жасалды. Мұндай қолдау өнеркәсіп, энергетика, көлік және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды жүзеге асыру шарттарының ұзақмерзімді болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Маңызды жобалардың қатарында инвестициялары шамамен $1,5 млрд болатын Балқаштағы Qazaq Smelter мыс балқыту зауытының құрылысы бар. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс шығаруға, 1,5 млн тоннаға дейін мыс концентратын өңдеуге және шамамен 1,6 мың жұмыс орнын ашуға есептелген. Жоба ел ішінде мыс шикізатын қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыруға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысында Kazakhstan Guoyou Investment компаниясы $287,6 млн инвестиция тарта отырып, Құрық портының бірінші кезегінде көпфункционалды терминал жобасын жүзеге асыруда. Жоспарланған қуаттылығы 15 млн тоннаны құрайды, 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Терминал Транскаспий халықаралық көлік маршрутының өткізу қабілетін арттырып, Қазақстанның Каспийдегі порттық қуаттарын кеңейтеді және елдің транзиттік әлеуетін нығайтады.
Инвестициялық келісімдер мұнай-газ химиясы, машина жасау және тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды қолдау үшін де қолданылады.
Басым бағыт – терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндіру жобалары
Шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндіретін жаңа өндірістер құру жобаларына басымдық беріліп отыр.
Атырау облысында Advanced Processing компаниясы жалпы құны шамамен $100 млн, жылына 40 мың тонна аммиак пен 80 мың тонна аммоний нитратын өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асырылып жатыр. Мұнай-химия өндірісінің жанама өнімдерін терең өңдеу минералды тыңайтқыштар импортының орнын басып, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаны практикалық жүзеге асыру кезеңіне шығару үшін шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымға қосылу және «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына қатысушы мәртебесін алу мәселелерін келісу қажет болды. Инвестициялық штаб нақты іс-шараларды, оларды жүзеге асыру мерзімдерін және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін белгіледі.
Түркістан облысында «QazCoilPro» ЖШС жалпы құны шамамен 115 млрд теңге (шамамен $256,8 млн) болатын толық өндірістік циклді зауыт салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Кәсіпорын металл балқытудан бастап дайын алюминий таспасын өндіруге дейінгі барлық өндірістік кезеңді қамтиды. Сонымен қатар алюминийді одан әрі өңдеуге бағытталған 6 өндіріс жобасы пысықталуда. Оның ішінде алюминий құтылар, құрылыс және автомобиль өнеркәсібіне арналған өнімдер шығару көзделген. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, өңірде алюминийді терең өңдеудің толық өндірістік тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау, мұнай-газ химиясы, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларында отандық және шетелдік инвесторларға қолдау көрсету жалғасуда. Олардың қатарында PepsiCo компаниясының снек өнімдерін өндіру жобасы, Carlsberg компаниясының қызмет аясын кеңейту, сондай-ақ автомобиль жасау, ағаш өңдеу және құрылыс материалдарын өндіру жобалары бар. Инвестициялық шешім қабылданғаннан кейін де инвесторларға қолдау көрсету жалғасып, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуына қажетті жағдайлар жасалады.
Жалпы, Инвестициялық штабтың негізгі мақсаты – инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыру жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру. Осы бағытта инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын негізсіз созуға жол бермеу мақсатында жауапты мемлекеттік органдардың Инвестициялық штаб шешімдерін орындауына бақылау күшейтілді.



