Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи екіжақты келіссөз өткізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Кездесудің басты нәтижесі Қазақстан мен Түркия арасында реадмиссия туралы келісімге қол қойылуы болды.
Құжат екі елдің көші-қон саласындағы өзара іс-қимылдың құқықтық негізін нығайтып, мемлекеттер аумағында болуға заңды негізі жоқ адамдарды қайтару тәртібін айқындайды.
Келіссөз барысында Ержан Сәденов пен Мұстафа Чифтчи екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
– Қазақстан мен Түркияны бауырластық қарым-қатынас пен өзара сенімнің жоғары деңгейі байланыстырады. Бүгінде бұл біздің ведомстволар арасындағы нақты өзара іс-қимылдан да көрініс табуда. Қол қойылған келісім – ынтымақтастықты нығайту жолындағы тағы бір нақты қадам, – деп атап өтті Ержан Сәденов.
Трансұлттық және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, іздестіру, көші-қон қауіпсіздігі, кадр даярлау және бейінді бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл негізгі бағыттар ретінде белгіленді.

