БастыМәдениет

Өскеменде сарбаздардан құралған трио «Maxi Mall»-да концерт қойды

Әуезді ән мен көтеріңкі көңіл күй.

Демалыс күнін «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында өткізген Өскемен тұрғындары Ұлттық ұлан сарбаздарының өнерін тамашалады. Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің үш сарбазынан құралған музыкалық трио келушілерге ән шырқап, демалыс күнін әсерлі өткізуге себеп болды.

Мерзімді әскери қызметшілер ел арасында кеңінен танымал әндерді орындап, көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады. Сарбаздардың жанды дауыстағы өнеріне тәнті болған жұртшылық та қалыс қалмады. Бірі әнге қосылып бірге шырқаған болса, енді бірі әуен ырғағымен билеп, концерттің көркін қыздырды.

Үш сарбаздың да музыкаға деген қызығушылығы мен сахналық тәжірибесі бар. Қызылорда облысының тумасы қатардағы Нұрымжан Есмұрза бұған дейін түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген өнерпаз. Ал Тараз қаласынан әскери қызметке шақырылған қатардағы Ердәуіт Жексенбек пен Ақәділ Тілеутай республикалық көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсеткен.
Сарбаздардан құралған трио Өскемен жұртшылығына қала күні мерекесі кезінде-ақ таныла бастаған. Бірнеше күн бойы қаланың түрлі алаңдарында өнер көрсеткен үштік бұл жолы қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында концерт ұйымдастырды.

— Сарбаздардан құралған трио қала тұрғындарына қала күні мерекесінен бері жақсы таныс. Бірнеше күн қатарынан түрлі алаңдарда өнер көрсетіп, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бүгін, міне, қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналатын ойын-сауық орталығында өнер көрсетті. Меніңше, мерзімді әскери қызметшілердің орындауындағы «Сыған серенадасы» әні көрерменнің ерекше ықыласына ие болды. Жалпы, мұндай шаралар әскери қызметшілер мен қала тұрғындары арасындағы өзара сыйластықты нығайтып, қоғам мен әскер арасындағы байланысты жақындата түседі, — дейді 6699 әскери бөлімінің командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Мақсат Ахметов.

Өнерлі сарбаздар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта авторлық әндер жазып, елдің рухын көтеретін, жігер беретін шығармаларды орындауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзету міндеттерін атқарады.

 

TuraNews

Back to top button