
4 қыркүйекте Астанада «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік жиын өтті. Аталған басқосу 29–30 қазанда Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші ресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылды. Жиында дипломаттар, сарапшылар мен ғалымдар Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» қағидасын заманауи тұрғыдан қарастырып, түркі интеграциясының нақты бағыттарын талқылады.
Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасының басшысы Бұрханеттин Дуран Астанада өткен «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік жиынға арнайы видеоүндеу жолдады.
«Құрметті қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!
Баршаңызға шын жүректен және зор құрметпен сәлемімді жолдаймын.
Елімізде өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті қарсаңында Коммуникациялар басқармасы тарапынан Түркі әлемінің астаналарында панельдік жиындар топтамасы ұйымдастырылуда.
Осы панельдік жиынға орай сіздермен видеоүндеу арқылы байланыс орнатқаныма аса қуаныштымын.
Қадірлі бауырларым!
Түркі әлемі туралы сөз қозғағанда, ортақ тарихымызбен біте қайнасқан тамыры терең Түркі өркениеті, сондай-ақ тілдік және мәдени кеңістігімізді меңзейміз.
Осы берік мұрамыз халықтарымызды тығыз байланыстырып қана қоймай, бүгінгі күнгі бағыт-бағдарымызды айқындап, келешек ортақ мақсаттарымызды қалыптастырады.
Түркі әлемінің болашағы терең бай мұрамыздан нәр алып, заман талабына сай өркендеу арқылы қалыптаспақ.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде халықаралық жүйе барған сайын тереңдей түскен дағдарыстар, күшейген геосаяси бәсекелестік, жеткізу тізбектерінің осалдығы, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, климаттың өзгеруі, ретсіз көші-қон, киберқауіптер мен жалған ақпарат секілді көпқырлы сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай кезеңде Түркі әлемінің ортақ ұстаным мен өзара үйлесімді іс-қимыл негізінде әрекет етуі – тарих алдындағы жауапкершілігіміз бен уақыт талабынан туындайтын заңды қажеттілік.
Қазіргі жағдай өзара ынтымақтастығымызды анағұрлым берік әрі тиімді негізде нығайтуды талап етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркі мемлекеттері ұйымы – өңірлік бейбітшілікке үлес қосатын, өзара байланыстарды нығайтып, экономикалық дамуды қолдайтын және халықаралық ынтымақтастыққа ашық ұстанымды ілгерілететін ұйым.
Каспий арқылы өтетін Орта дәліз, энергетика және көлік желілері, сауда интеграциясы мен цифрлық экономика, жасанды интеллект, апаттар мен төтенше жағдайларды басқару сынды көптеген салада дамып келе жатқан серіктестік Түркі әлемінің зор әлеуетін нақты көрсетеді.
Қадірлі бауырларым!
Осы орайда медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастықтың да стратегиялық маңызы зор.
Цифрлық дәуір бізге мол мүмкіндік бергенімен, ақиқатқа нұқсан келтіретін жаңа қауіп-қатерлерді де ала келді.
Жалған ақпарат, өшпенділік тілі мен цифрлық манипуляция қоғамымыздың тыныштығына, мемлекеттік институттарға деген сенімге және елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан Түркі мемлекеттері ретінде медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, ақпарат пен тәжірибе алмасуды арттыруымыз, ортақ платформаларды дамытуымыз және әсіресе дағдарыс кезеңдеріндегі коммуникациялық әлеуетімізді күшейтуіміз қажет.
Осыған байланысты, Түркі мемлекеттері ретінде медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, ақпарат пен тәжірибе алмасу аясын кеңейту, ортақ платформаларды дамыту, әсіресе дағдарыс кезеңдеріндегі коммуникация әлеуетін арттыру қажет.
Ортақ тілімізді, мәдени мұрамыз бен өркениеттік құндылықтарымызды цифрлық кеңістікте кеңінен танытудың да маңызы зор.
Жасанды интеллект пен жаңа коммуникациялық технологиялар – біз тек бақылап отыратын жаңалықтар емес, бірлесе отырып бағыт-бағдар берілуі тиіс салалар.
Өзімізге тән ұғымдарымыз бен ортақ тарихымызды цифрлық келешекпен ұштастыра алған сайын, жаһандық жүйеде ықпалы мен салмағы зор күшке айнала аламыз.
Құрметті қатысушылар!
Жақын арада, нақты айтқанда, Республикамыздың құрылған күні — 29 қазанда еліміз төрінде Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 13-ші отырысы, ал 30 қазанда Мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Аталған маңызды кездесулер елдеріміздің бірлесе ілгерілеу жолындағы жаңа белес болмақ.
Саммит аясында төрағалықты қабылдайтын Түркия Түркі әлемінің институционалдық ықпалдастығын нығайтып, жаһандық деңгейдегі беделін одан әрі арттыруға ниетті.
Құрметті Президентіміз Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен Түркия Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» ұранын заман талабымен ұштастыруды көздейді.
Біз Түркі әлемінің мүддесін көздей отырып, өңірлік және жаһандық бейбітшілікке үлес қосу бағытындағы ұстанымымызды жалғастыра береміз.
Алдағы Анкара саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отырған осы панельдер ортақ болашағымызға негіз болатын тың ойлар мен маңызды бастамаларға жол ашады деп кәміл сенемін.
Осы орайда бағдарламаларды ұйымдастыруға атсалысқан баршаға алғыс білдіремін. Жиындарымыз Түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, ортақ болашаққа деген ұмтылысымызға үлес қосады деп сенемін.
Баршаңызға тағы да зор құрметімді білдіремін.»



