БастыҚоғамМәдениет
Trending

Тілде, пікірде, істе бірлік: Астанадағы сарапшылар жиыны түркі интеграциясына қандай серпін берді?

4 қыркүйекте Астанада «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік жиын өтті. 29–30 қазанда Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші ресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылған жиында дипломаттар, сарапшылар мен ғалымдар Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» қағидасын заманауи тұрғыдан қарастырып, түркі интеграциясының нақты бағыттарын талқылады, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы.

Шарада сөз алған Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу мемлекетаралық келісімдермен қатар халықтар арасындағы, әсіресе жастардың өзара қарым-қатынасын дамыту маңызды екенін атап өтті.

Дипломаттың пікірінше, тарихи және мәдени жақындық білім мен ғылымдағы нақты байланыстар арқылы жалғасуы тиіс. Ал панель модераторы, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Бюлент Байрам «істе бірлік» ұғымы осы уақытқа дейін кенжелеп қалғанын айтып, ынтымақтастықты тек мәдени шаралармен шектемей, экономика, саясат, қауіпсіздік және логистика салаларында дамыту қажеттігіне тоқталды.

©Kazinform

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Талғат Молдабаев түркі халықтарының жазғанын еркін оқып, әдебиеті мен ғылымымен тереңірек танысуы үшін ортақ әліпбидің маңызы зор екенін түсіндірді. Баяндамашы бұл қадам әр тілдің өз ерекшелігінен бас тарту емес, халықтардың өзара түсінісу құралы екенін және 2024 жылы Бакуде қабылданған 34 әріптен тұратын ортақ әліпби нұсқасы маңызды кезең екенін жеткізді.

Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Жанат Момынқұлов түркі елдері ортақ ұрандардан бұрын нақты ортақ мүдделерін анықтауы қажеттігін мәлімдеді. Ол Орталық Азияның ресурстарын тек шикізат күйінде сатпай, өз жерінде өңдеп, жаңа технологияларды игеру маңызды екенін айтып, бұл бағытта Түркияның өнеркәсіптік әлеуетімен стратегиялық серіктестік орнату қажеттігіне назар аударды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур білім мен ғылым саласындағы ұтқырлық бағдарламаларының маңыздылығын атап өтіп, Түркі университеттері одағы мен Орхун алмасу бағдарламаларының әлеуетін арттыру үшін тұрақты хатшылық пен қаржылық тетіктерді күшейту қажеттігін жеткізді.

Каппадокия университетінің ректоры Хасан Али Карасар жасанды интеллект дәуірінде түркі тілдерінің цифрлық кеңістікте қолданылуын кеңейту басты міндет екенін айтып, егемендік интеграцияға кедергі емес, қайта тең дәрежедегі тұрақты серіктестіктің негізі екенін баса айтты.

Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран Астанадағы жиын қатысушыларына арнайы видеоүндеу жолдап, қазіргі халықаралық жүйе геосаяси бәсекелестік, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі, сондай-ақ киберқауіптер мен жалған ақпарат сияқты күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Басқарма басшысы осындай жаһандық сын-қатерлер жағдайында Түркі мемлекеттері ұйымының ортақ ұстаныммен және өзара үйлесімді іс-қимыл негізінде әрекет етуі тарихи қажеттілік екенін жеткізді. Каспий арқылы өтетін Орта дәліз, энергетика, сауда интеграциясы, цифрлық экономика және жасанды интеллект салаларындағы серіктестік түркі әлемінің зор әлеуетін айқын көрсететіні айрықша сөз болды.

Мәлімдемеде цифрлық дәуір адамзатқа мол мүмкіндіктермен қатар дезинформация, жалған ақпарат, өшпенділік тілі мен цифрлық манипуляция сияқты қауіптерді де ала келгеніне назар аударылды. Қоғамның тыныштығы мен мемлекеттік институттарға деген сенімді сақтау үшін түркі елдері медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, тәжірибе алмасу аясын кеңейтуі, сондай-ақ ортақ платформалар құруы тиіс екендігі айтылды. Түркі тілдері мен мәдени мұрасын цифрлық кеңістікте, әсіресе жасанды интеллект жүйелерінде кеңінен таныту маңызды міндет екендігі де атап өтілді.

Бейнеүндеу соңында 2026 жылдың 29 қазанында Сыртқы істер министрлері кеңесінің 13-ші отырысы, ал 30 қазанда Мемлекет басшыларының саммиті өтетіні хабарланып, Президент Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен Түркия түркі әлемінің институционалдық ықпалдастығын нығайтуға және Исмаил Гаспыралының ұранын заман талабымен ұштастыруға ниетті екені жеткізілді.

TuraNews

Back to top button