Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф Трабзон қаласының әкімі Ахмет Метин Генчпен ресми кездесу өткізді. Тараптар бұл басқосуда алдағы уақытта Қара теңіздің маңызды мәдени орталықтарының бірі – Трабзон қаласында ұйымдастырылатын ауқымды халықаралық шаралар мен бірлескен жобаларды жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында Сайит Юсуф Трабзонның тамыры тереңнен басталатын тарихы мен бай мәдени мұрасы бүкіл түркі әлемі үшін үлкен маңызға ие екенін ерекше атап өтті. Ол көрсеткен қонақжайлылығы үшін қала басшысы Ахмет Метин Генчке алғыс айтты.
Өз кезегінде Трабзон қаласының әкімі түркі әлемінің рухани-мәдени байланыстарын нығайтуға сүбелі үлес қосып келе жатқан ТҮРКСОЙ ұйымымен әріптестік орнатуға әрқашан дайын екенін жеткізді. Ахмет Метин Генч өңірде жүзеге асатын бірлескен мәдени жобаларға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.



