ӘлемМәдениет
Trending

Мажарстанда қазақ тілі оқытылады

Мажар елінде халықаралық ІХ «Ұлы Ғұн-Түрік құрылтайы» өтті. Алқалы жиынға Венгрия Сыртқы істер және сауда министрлігінің мемлекеттік хатшысы Богларка Иллеш, Бугац қаласының мэрі Ласло Сабо, Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Халықаралық Түркі академиясының Президенті Шахін Мустафаев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, TURKPA ұйымының Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр, «Мажар-Тұран» қорының төрағасы Биро Андраш, TİKA (Түркия Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) Президенті Абдулла Эрен (Abdullah Eren) және т.б. меймандар қатысты, деп жазады Ana Tili порталы.

Бұл іс-шара – Еуропа төрінде көшпелілер мәдениетін, тарихи сабақтастық пен түрік-ғұн халықтарының бауырластық байланыстарын қайта жаңғыртатын ең ауқымды этно-мәдени және ғылыми жиын.

Негізгі мақсаты — Ортақ түрік-ғұн мұрасын сақтау, көшпелілердің әскери, этнографиялық, музыкалық және тұрмыстық дәстүрін насихаттау, сондай-ақ бауырлас халықтар арасындағы ғылыми және мәдени байланысты нығайту.

Құрылтай қатысушысы, «Ұлы дала академиясының» төрағасы, PhD, философ Нұржан Құлымжановтың айтуынша, бұл Құрылтайдың идеялық негізі Қазақстанда бастау алған. 2007 жылы венгр ғалымы Андраш Биро дәл сол жылы туыстарын іздеп, Қазақстанның Қостанай қаласына келген екен. Қостанайда қыпшақтармен танысып, ағайын­-туыстарының басын қосып, өздері бір шағын жиын өткізеді. Сол жиынды қазіргі Құрылтайдың алғашқы бастауы деп есептейді. Сөйтіп, ол идея Мажар елінде әрбір екі жыл сайын өтетін «Ұлы Ғұн-Түркі құрылтайы» ретінде іске асырыла бастайды.

– Осы күндер ішінде біз бірқатар маңызды іс-шараның куәсі болдық. Әлемде көшпелілер мәдениетіне қызығушылық жоғары. Мажар мемлекетінің тікелей қолдауымен әрі қамқорлығымен өткен Құрылтайға ресми дерек бойынша, 200 мыңнан аса қонақ қатысты. Түрік елдерінен келген ғалымдар, археологтар, мәдениеттанушылардың қатысуымен өткен конференциялар, басқосулар, бейресми жүздесулерде туыстас, бауырлас халықтарды байланыстыратын рухани кеңістік, ортақ құндылықтар жайы кеңінен сөз болды. Мен бұл сапарға АлмаU университетінің президенті Асылбек Қожахметовпен бірге бардым. Биыл жыл басында аталған университетте Асылбек Қожахметовтың қолдауымен «Ұлы дала академиясы» ашылған болатын. Осы сапарымыз­дың аясында «Ұлы Дала Академиясы» мен қазақ тілі мен мәдениетін оқытатын «Лакителек халық мектебі» арасында меморандум жасалды. Әйгілі ғалым, түркітанушы Иштван Мандоки Қоңыр­дың жан жары Оңайша Мақсымқызымен жүздесудің де сәті түсті. Ендігі мақсатымыз – Алтайтану мен түріктану саласындағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтеру. Кейде біз көшпелілер мәдениетіне бұрынғы ата-бабаларымыздың ұстанған мәдениеті, салты ретінде қараймыз. Ал бірақ бүгінде көшпелі өмір салтын ұстанып отырған елдер де жоқ емес. Демек, бұл көпшелі мәдениеттің тамырлары үзілмегенін байқатуда. Көшпелі халықтардың рухани жады мен коды әлем елдерінде сақтала отырып, біздің бүгінгі мәдени кеңістігіміз бен өрісімізге айтарлықтай серпін беріп отыр. Бұл Құрылтайдың маңызы сол – қатысушы делегаттар алдағы атқарылатын іс-шаралардың жоспары бойынша да пікір алмасты. Дүниетанымы, салт-cанасы бір, рухани жақын халықтар арасындағы осындай жүздесулердің пайдасы әрбір мемлекет үшін мол деп есептеймін, – дейді Нұржан Құлымжанов.

Қорыта айтқанда, дәстүрге айналған «Ұлы Ғұн-Түркі» Құрылтайының маңызы жыл санап артып келеді. Мажарлардың арғы бабалары мен түрік халықтарының тарихи байланысын зерттеу мақсатында бастау алған іс-шара бүгінде түрік халықтарының мәдениетін сақтау, дамыту жолындағы өзіндік бір мәдени-рухани брендіге айналды.

TuraNews

Back to top button