Астанада халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген 46 жастағы Өзбекстан азаматы Иқболжон Қорабоев ұсталды. Ол Максұт Нәрікбаев атындағы университетте сабақ берген. Бұл туралы BBC-дің өзбек қызметі хабарлайды.
Туыстарының айтуынша, Қорабоевке Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы (Тыңшылық) бойынша тыңшылық жасады деген айып тағылған.
“3 шілдеде Астанадағы үйіне азаматтық киімдегі бірнеше адам келіп, оған тыңшылық жасады деген айып тағылғанын айтып, алып кеткен”, – деді ұсталған азаматтың туысы.
Қорабоев Өзбекстанның Әндіжан қаласында туған. Ол Астанада әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.
Қылмыстық кодекстің 176-бабы мемлекеттік құпияларды шетел мемлекетіне немесе ұйымына беруге, жинауға, ұрлауға не сақтауға жауапкершілік белгілейді. Бұдан бөлек, шетел азаматтарының Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіруге бағытталған әрекеттері де осы бап бойынша қаралады.
BBC журналистері профессордың ұсталуына қатысты жағдайды бірнеше апта бойы зерттеген. Оның таныстарының кейбірі аты-жөнін атамауды сұраса, енді бірі түсініктеме беруден бас тартқан.
Журналистер Қазақстанның Бас прокуратурасына, Ішкі істер министрлігіне, Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстандағы Өзбекстан консулдығына сауал жолдаған. Алайда жауап ала алмаған.



