Қазақстандағы парламент сайлауы түркі әлемінің интеграциясына серпін береді – Зорлу

Түркияның Әділет және даму партиясы Төрағасының орынбасары Күршад Зорлу Қазақстанда өткен парламент сайлауына қатысты мәлімдеме жасады. Ол бауырлас Қазақстан халқына және барша Түрік әлеміне ізгі тілектерін жеткізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Анадолу агенттігінің мәліметінше, Зорлу әлеуметтік желідегі парақшасында ресми емес нәтижелер бойынша сайлауда көш бастаған «Әділет» партиясын, сондай-ақ межелі пайызды еңсеріп, парламентке енген «Ауыл», «Respublica», «Ақ жол» партиялары мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын құттықтады.
Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлаумен қалыптасатын жаңа кезеңнің түркі әлемі үшін орны ерекше, себебі ғасырлар өткен соң алғаш рет ата-баба мұрасы болып табылатын «Құрылтай» атауымен парламент өз жұмысын бастағалы отыр. Сонымен қатар, Қазақстанның бір палаталы парламент жүйесі арқылы Түркиямен әлдеқайда үйлесімді әрекет ететін органға ие болуы үлкен қуаныш екенін атап өтті.
«Құрылтай – әділдіктің, кеңесудің және халық еркінің түркі мемлекеттік философиясындағы ең айқын көрінісі. Бұл тарихи қадам Қазақстанның демократиялану үдерісі мен түркі әлемінің интеграциясына айтарлықтай серпін береді деп сенемін», – деді Түркияның билеуші партиясының өкілі.


