Күн тұтылатынына байланысты Майоркада төтенше жағдай жарияланып, аралға әскер жіберілді

Майорка аралы 12 тамызда болатын толық күн тұтылуына дайындалып жатыр. Туристердің көптеп келуі болжанып, аралда төтенше жағдай жарияланып, Испания үкіметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери қызметшілерді жіберді, деп хабарлайды Kazinform.
Әскерилер 10-14 тамыз аралығында бірнеше муниципалитетте полицияға көмектеседі. Олардың міндетіне жол қозғалысын бақылау, құтқару қызметтеріне арналған жолдардың ашық болуын қамтамасыз ету және аралды орман өрттерінен қорғау кіреді. Жергілікті билік көлік қозғалысының қиындауы мен қауіпсіздікке төнетін қатердің артуынан алаңдап отыр.
Бұдан бөлек, Испания бойынша Азаматтық гвардияның шамамен 24 мың қызметкері жұмылдырылады. Олар көлік қозғалысын реттеп, күн тұтылуын тамашалайтын орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалайды.
Толық қараңғылық үш минутқа созылады
Майоркада күн тұтылуы жергілікті уақыт бойынша шамамен 19:37–де басталады. Алдымен ішінара тұтылу кезеңі өтіп, шамамен 20:30–да толық тұтылу басталады. Ол 20:33 шамасында аяқталады. Одан кейін ішінара тұтылу кезеңі 20:53–ке дейін жалғасады.
Осылайша, күн тұтылуының барлық кезеңі бір сағаттан сәл асады, ал толық қараңғылық шамамен үш минутқа ғана созылады. Күн тұтылуы күн батардан сәл бұрын болатындықтан, Күн көкжиекке өте жақын орналасады. Бұл табиғи құбылысты тамашалап, әсерлі суреттер түсіруге қолайлы жағдай туғызады.
Толық күн тұтылуын Валенсияда, Кастилия және Леонда, Галисияда және Баск елінде де көруге болады.



