Абай күнінің негізгі шараларының бірі Өскемендегі Республика алаңындағы хакім ескерткішінің алдында өтті. Ақынның туған күніне орай зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, өнер майталмандары, ақындар мен жазушылар жиналды.
Абай өз дәуірінің шындығын айтып қана қойған жоқ. Ол елдің ертеңін ойлап, ұрпақтың қандай болуы керектігін де айқындап берді. Шарада облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Абай мұрасының уақыт өткен сайын маңызы арта түсетінін атап өтті.
– Заманалар ауысып, дүние дидары күнде өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген құрмет сезімі еш кемімейді, – деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайды дәріптеу арқылы ұлттық сананы нығайтуға, ел бірлігін бекемдеп, қоғамның рухани кемелдігін арттыруға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
Шын мәнінде, Абай мұрасы – өткеннің ғана еншісі емес. Оның «бес дұшпаннан» бойды аулақ салып, «бес асыл іске» ұмтылуға шақырған ойлары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Облыс әкімі бүгінгі ұрпақтың Абай мұрасының түп-тамырынан нәр алып, рухани әлемін байыта түсуі маңызды екенін айтты.
– Туған елін Абайша сүйіп, Абайша күйсе, пайданың емес, ардың жүгін көтерсе, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке бой алдырса, бағындырар шыңы биік болады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Абайдың өзі «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп адам баласын татулық пен ізгілікке үндеді. Оның шығармаларындағы ойдың салмағы да осында – жеке адамның кемелдігін елдің кемелдігімен сабақтастыра білуінде.
– Абайды бүкіл әлемде ұлықтап жатса да, жеткіліксіз деп ойлаймын. Өйткені өміріміз бен тіршілігімізді Абай өлеңдері, шығармаларының мазмұнына сәйкес тәрбиелеуіміз керек. Хакімнің өлеңдері алғаш поляк тіліне аударылды. «Неге бірінші сол тілге аударылды?» деп өзіме сұрақ қойдым. Олардан «ұрпағымызды Абай шығармашылығымен тәрбиелесек» деген жауап алдым. Бізге де сондай бетбұрыс керек. Абай қазақсыз, қазақ Абайсыз болмайды. Тағдырымыз хакім үніне және «Толық адам» идеясына байланған, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры Сләмбек Оразалин.
Хакім армандаған білімді, еңбекқор, бірлігі бекем қоғамды қалыптастыру – бүгінгі ұрпақтың да ортақ міндеті. Ал Абай сөзі сол жолда бағыт-бағдар беретін рухани темірқазық болып қала береді.



