Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, алты айда елдің сыртқы сауда айналымы 41 млрд долларға теңеліп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға өсті. Қаңтар-маусымда көршілес мемлекет әлемнің 195 елімен сауда-саттық жасады.
Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 9,4 млрд доллардан (жалпы көлемнің 23,1%) асты.
Ал сауда-саттықтың 17,1%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 7 млрд доллардан артық.
Сондай-ақ көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 2,7 млрд доллардан (6,8%) асты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 572 млн долларға көп. Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан 717 млн доллардың тауарын экспорттап, 2 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.



