
Вандализм – қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін және қоғамның мәдени құндылықтарына құрметсіздік танытатын құқыққа қайшы әрекет. Ғимараттардың қабырғаларына жазу жазу, аялдамаларды, саябақтарды, орындықтарды, ескерткіштерді, балалар алаңдарын және басқа да қоғамдық мүлікті қасақана бүлдіру қоғамға материалдық шығын келтіріп қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру ортасына кері әсер етеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес, вандализм, яғни мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи объектілерді жазулармен, суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа қиянат жасайтын өзге де әрекеттермен қорлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Аталған бап бойынша айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе қамақ түріндегі жаза көзделген.
Сонымен қатар, бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру салдарынан елеулі зиян келтірілген жағдайда кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 202-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бұл бапта келтірілген залалдың сипатына қарай айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Ортақ мүлікке ұқыпты қарап, заң талаптарын сақтау арқылы біз қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық ортаны қалыптастырамыз.
Заң мен тәртіп – өркениетті қоғамның негізі. Қоғамдық мүлікті қорғау – әр азаматтың жауапкершілігі.



