ҚоғамТехнология
Trending

Елордада аэротакси алғаш рет сынақтан өтті

Кеше ғана ғылыми-фантастикалық фильмдерден көрген аэротакси бүгін Астана аспанында ұшты. Елордада алғаш рет электрлі тік ұшып-қонатын әуе көлігінің (eVTOL) демонстрациялық ұшуы өтті. Жоба жоспарға сай жүзеге асса, мұндай көлік Қазақстанда 2028–2029 жылдары қолданысқа енуі мүмкін.

Бірнеше жыл бұрын ғана қиял болып көрінген аэротакси бүгінде Астана аспанында алғаш рет сынақтан өтті, деп жазады Astanalife.kz порталы.

«Қазанат» ипподромының аумағында электрлі әуе көлігінің (eVTOL) алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті.

Ұшу барысында AutoFlight Prosperity әуе аппараты пайдаланылды. Ол бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған. Аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.

Демонстрациялық ұшуды қазақстандық Alatau AdvanceAir Group Ltd. (AAAG) компаниясы Қытайдың AutoFlight компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.

Әзірге бұл жаңа технологияның мүмкіндігін көрсетуге арналған сынақ кезеңі. Дегенмен дәл осындай көрсетілімдер болашақта қалалық әуе көлігін енгізудің алғашқы қадамы саналады. Алдын ала жоспар бойынша, Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін дамыту жобасы 2028-2029 жылдары жүзеге асырылуы мүмкін.

Осылайша Қазақстан АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропа елдерімен қатар қалалық әуе мобильдігін дамытып жатқан мемлекеттердің қатарына қосылып келеді.

Егер жоба сәтті жүзеге асса, алдағы бірнеше жылда аэротакси қала ішіндегі жаңа көлік түріне айналып, тұрғындарға кептелісті айналып өтудің балама мүмкіндігін ұсынуы ықтимал.

 

TuraNews

Back to top button