Қоғам

Шығыс Қазақстан облысында алкоголь өнімдерінің саудасын бақылау бойынша ауқымды рейдтік іс-шаралар өтті

Шығыс Қазақстан облысында масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату кезінде заң талаптарының сақталуын қадағалауға бағытталған ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізілді.

Іс-шараға полиция қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер және белсенді азаматтар қатысты. Рейд барысында заңмен тыйым салынған түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сату фактілерін, сондай-ақ 21 жасқа толмаған тұлғаларға сату жағдайларын анықтауға ерекше назар аударылды.

Профилактикалық жұмыс аясында 100-ден астам сауда нысаны тексерілді. Дүкен иелері мен қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары және алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілік түсіндірілді.

Рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша тыйым салынған уақытта алкоголь өнімдерін сатудың 3 фактісі және тиісті лицензиясыз сауда жасаудың 5 фактісі анықталды. Барлық құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, олар заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатын болады.

Полиция департаменті алкоголь өнімдерін сату кезінде белгіленген талаптарды сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін еске салады. Полиция мен жұртшылықтың бірлескен жұмысы «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыруға және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.

TuraNews

Back to top button