
Бұл туралы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған 15 шілде – Демократия және ұлттық бірлік күніне орай inbusiness.kz порталына ұсынған арнайы мақаласында айтты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
«Осыдан тура он жыл бұрын, 2016 жылғы 15 шілдеде Түркияның саяси тарихындағы ең қатыгез мемлекеттік төңкеріс әрекеттерінің бірі жасалды. Мемлекеттік мекемелерге астыртын еніп алған террористік ұйымның бұл қастандығының мақсаты – Түркияны ұзақ жылдарғы бей-берекетсіздікке ұрындырып, халқымыздың болашағын өз бақылауына алу еді. Алайда тәуелсіздігі мен келешегіне араша түскен ардақты халқымыз бұған жанқиярлықпен қарсы тұрып, ұлттық ерік-жігерді ешбір күштің тартып ала алмайтынын бүкіл әлемге паш етті. Түрік халқының 15 шілде түні танытқан парасаты, батылдығы мен көрегендігі әлемдік демократия тарихында теңдесі жоқ ерлік ретінде бағаланады», – деп атап өтеді Режеп Тайып Ердоған.
Түрік халқы ел тәуелсіздігін қорғап қалды
Түркия Президенті атап өткендей, Фетхуллахшыл террористік ұйым (FETÖ) ұйымдастырған бұл сатқындық әрекет кәдімгі әскери төңкеріс жасау талпынысынан да әлдеқайда ауқымды болды. Оның түпкі мақсаты – Түркияның тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, елді тұтас басып алу еді. Төңкерісшілер ең алдымен, халықтың ерік-жігері мен ұлттық тәуелсіздіктің басты нышандары саналатын Президенттік кешен мен Түркия Ұлы ұлттық мәжілісін нысанаға алды.
«15 шілде түні жасаған мәлімдемемде мен халықтың күшінен жоғары ешқандай күшті мойындамайтынымды баса атап өткен едім. Бұл сөздерді айтқанда түрік халқының өз ерік-жігерін қорғап қалатынына кәміл сенімді болдым. Шынында да, сол түні иманы берік әрі өз күшіне сенімді халқымыз жаппай көшелерге шығып, террористік ұйымның үстемдігіне бағынудан үзілді-кесілді бас тартты, – деді Түркия Президенті.
Еліміздің тәуелсіздігін, демократиялық жетістіктерін және еркін таңдау құқығын қорғау жолында жанын пида етуге дайын болған халқымыз төңкерісшілердің бетін қайтарып, ұрпақтан-ұрпаққа мақтанышпен айтылатын ұлттық ерік-жігердің қаһармандық дастанын жазды.
Халықтың қайсарлығы Түркияны жаңа белестерге бастады
«Халқымыздың осы қайсарлығынан күш алып, біз де мемлекетке қарсы жасалған бұл опасыз әрекеттің салдарын ең қысқа мерзімде жою үшін іске кірістік. Мемлекеттің барлық мекемелерінде демократиялық жүйеге саяси емес тетіктер арқылы қауіп төндіруі ықтимал кез келген құрылымдардың алдын алатын түбегейлі реформаларды жедел жүзеге асырдық. Өзге де террористік ұйымдарды жою бойынша бұған дейін де іске асырылып келген стратегиямыздың аясында ел ішінде де, шет мемлекеттерде де жүргізілген операцияларда елеулі жетістіктерге қол жеткіздік.
Нәтижесінде «Террорсыз Түркия» процесі деп аталатын Түркия тарихының жаңа кезеңіне бастау бердік. «Түркия ғасыры» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы негізгі кезеңдердің бірі саналатын бұл процесс қоғамның барлық топтарын қамтитын әрі жұртты ортақ мақсатқа ұйыстыратын ұстаным негізінде, сондай-ақ тиісті қауіпсіздік органдарының қажырлы еңбегі мен саяси институттардың қолдауының арқасында, шүкір, алға қойған мақсатына қарай нық қадаммен ілгерілеп келеді. «Террорсыз Түркия» бастамасының табысты жүзеге асуы еліміздің ғана емес, бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен тыныштығына үлес қосады деп сенемін», – деді Түркия көшбасшысы.
Режеп Тайып Ердоған мәлім еткендей, бұл төңкеріс әрекеті елдің экономикалық дамуы мен әл-ауқатын да тұралатып тастауды көздеген. Алайда оған қарсы жүргізілген күрестің нәтижесінде энергетика, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, технология және қорғаныс өнеркәсібі салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, елдің болашағы үшін маңызды қадамдар жасалды.
«Кейінгі он жылда «Ұлттық технологиялық серпіліс» бастамасы аясында қорғаныс, авиация және ғарыш өнеркәсібінде елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Электрлі және интеллектуалды көлік жүйелерін дамытып, денсаулық сақтау мен ауыл шаруашылығы салаларына ауқымды инвестициялар салып, халқымыздың сенімі мен жанқиярлығына лайық болуға ұмтылдық. Осы кезеңде халықаралық деңгейде мойындалған ұлттық брендтерімізді де қалыптастырдық. Олардың қатарында ең алдымен, TOGG электрлі автокөлігі, KAAN ұлттық жауынгерлік ұшағы, ұлттық корветтеріміз және ұшқышсыз ұшу аппараттарымыз бар», – деді Түркия Республикасының Президенті.
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес – ортақ міндет
Сонымен қатар авторлық мақалада атап өтілгендей, арада өткен он жыл ішінде Түркия сыртқы саясатта бастамашылық ету ұстанымын ұстана отырып, өңірлік әрі жаһандық деңгейдегі дағдарыстар мен қақтығыстарды шешуде ықпалды мемлекет ретінде танылды.
«Дағдарыс жайлаған барлық өңірлерде біз мықтының емес, жәбір көргендер мен әділдіктің жағында болып, бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету жолындағы жауапкершіліктен ешқашан жалтарған жоқпыз. Зұлымдық пен әділетсіздік орын алған жерде, біз халықаралық құқықтың, әділеттің және ар-ожданның үнін жеткізіп отырдық. Бүгінде әлем Түркияны өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуде пікірі ескерілетін, сөзіне сенім артылатын мемлекет ретінде көріп отырса, бұл жетістіктің негізінде 15 шілде түні тәуелсіздігі мен болашағын қорғау үшін жанын пида етуге дайын болған ардақты халқымның ерік-жігері жатыр.
Халықаралық ынтымақтастықты талап ететін терроризмге қарсы күрес сыртқы саясатымыздың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Белгілі болғандай, кейінгі екі жылда FETÖ-нің шет мемлекеттердегі құрылымдарының ыдырау үдерісі айтарлықтай жеделдеді. Соған қарамастан, кейбір елдердің бұл ұйымға әлі де болса жасырын түрде қолдау көрсетіп, оның мүшелеріне пана беріп отырғанын білеміз. Осыған байланысты, өз мақсатына жету үшін кез келген тәсілді заңды деп санайтын, кез келген кейіпке ене алатын әрі демократия, бостандық, адам құқықтары сияқты ұғымдарды өз мүддесіне пайдаланудан тайынбайтын FETÖ ұйымына қатысты қырағылық танытудың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. 15 шілде түнінде төңкерісшілердің қолынан 253 азаматы шейіт болған ел ретінде халықаралық қауымдастықтан күтетін басты үмітіміз – Түркияның әділ күресіне қолдау көрсету. Жаһандық бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақты даму ешбір бөліп-жаруға жол берілмей, барлық террористік ұйымдарға қарсы үздіксіз, ымырасыз күрес пен риясыз халықаралық ынтымақтастық арқылы ғана қамтамасыз етіледі, – деп түйіндеді мақаласын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған.
Айта кетейік, бүгін – 15 шілде күні Түркияның бүтін аумағында Демократия және ұлттық бірлік күніне орай еске алу шаралары өтуде.
2016 жылғы шілденің 15-інен 16-сына қараған түні Түркияда террористік ұйым ретінде танылған FETÖ ұйымының құрамындағы жекелеген әскери қызметшілер билікті күшпен басып алу әрекетін жасады.
Ресми мәліметтерге сай, әскери төңкеріс әрекетіне 8 мыңнан астам әскери қызметші қатысты. Бүлікшілер 35 ұшақ, 37 тікұшақ, 74 танк, 246 бронетранспортер, 4 мыңға жуық атыс қаруын және тіпті, 3 кемені пайдаланған. Алайда түрік халқының берік ерік-жігерінің арқасында төңкеріс жоспары жүзеге аспай қалды. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоғанның үндеуінен кейін санаулы минуттардың ішінде жұрт алаңдар, әуежайлар, көпірлер, даңғылдар мен көшелерге ағылды. Миллиондаған азамат бүлікшілерге қарсы тұрып, оларды тоқтату үшін танкілердің шынжыр табаны мен бронды техника доңғалақтарының астына өздерін атып жатты.
Екі күнге жалғасқан текетірес салдарынан 253 адам қаза тапты.



