«Әулие-ата» Қазақстан чемпионы атанды

Жетісу облысының Талдықорған қаласында көкпардан ересектер арасындағы XXV Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. 1–9 мамыр аралығында өткен ел біріншілігіне 19 команда қатысып, бұл көрсеткіш Қазақстан чемпионаттарының тарихындағы рекорд болды.
Жарыстың алғашқы кезеңінде командалар төрт топқа бөлініп, бес күн бойы топтық кездесулер өткізді. Нәтижесінде Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Ақмола, Жетісу облыстарының құрамалары мен Шымкент қаласының командасы ширек финалға жолдама алды.
Ширек финалда Қостанай облысының командасы жарыстың басты фавориттерінің бірі саналған Түркістан облысын жеңіп, жартылай финалға шықты. Сонымен қатар, Шымкент қаласы, Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасы және Алматы облысының құрамасы келесі кезеңге өтті.
Жартылай финалда Шымкент құрамасы Қостанай облысын 11:4 есебімен сенімді жеңіп, финалға шықты. Ал «Әулие-ата» мен Алматы облысы арасындағы кездесу аса тартысты өтті. Негізгі уақытта командалар жеңімпазды анықтай алмады. Екінші кезеңде алматылықтар есеп ашқанымен, ойын аяқталуға үш минут қалғанда жамбылдықтар таразы басын теңестірді. Қосымша уақытта Ернат Мәлімбай алтын салым салып, «Әулие-атаға» жеңіс сыйлады.
Финалдық кездесуде Жамбыл облысының командасы Шымкентке еш мүмкіндік берген жоқ. «Әулие-ата» қарсыласын 6:0 есебімен жеңіп, көкпардан Қазақстан чемпионы атанды.
Осылайша, Жамбыл облысының командасы ел чемпионаты тарихында 16-рет алтын медаль жеңіп алды.
Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Бас демеуші – «Самұрық-Қазына» қоры.
Бас серіктес – Спортты қолдау қоры.



