Көкпардан әлем чемпионаты Қазақстан мен Өзбекстанның спорттық байланысын жаңа деңгейге көтерді

Түркістан төрінде өткен көкпардан әлем чемпионаты тоғыз жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы спорттық және мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындады.
Әлемнің тоғыз елінен келген 100-ден астам үздік шабандоз қатысқан дүбірлі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Түркия құрамалары қатысты.
Турнир барысында Өзбекстан құрамасы ең көп назар аударған командалардың біріне айналды. Тоғыз шабандоздан құралған ұжым ұлттық ұлақ-көкпар мектебінің жоғары деңгейін, тактикалық шеберлігі мен ұйымшылдығын көрсетті.
Финалда Өзбекстан құрамасы Қазақстанмен кездесіп, тартысты бәсекеде алаң иелеріне 2:9 есебімен есе жіберді. Осылайша өзбекстандық шабандоздар әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.
Екінші орын үшін Өзбекстан құрамасына 7,5 миллион теңге көлеміндегі жүлде табысталды. Сонымен қатар, жарысқа қатысқан командалардың ішінде тек Өзбекстан құрамасы өздерінің сәйгүліктерімен келгенін атап өткен жөн. Қалған қатысушылар ұйымдастырушылар ұсынған аттармен өнер көрсетті.
Әлемдік стандарттарға сай салынған Түркістан атшабары халықаралық жарыстарды өткізуге арналған заманауи спорт нысаны ретінде жоғары бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл кешен алдағы уақытта халықаралық турнирлерді тұрақты қабылдап, өңірдегі этноспортты дамытуға серпін береді.
Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин Өзбекстан құрамасының жоғары деңгейін ерекше атап өтті.
– Өзбекстандық бауырларымыздың шеберлігі жылдан-жылға артып келеді. Бұл құрама әлемдік көкпардың басты фавориттерінің бірі болып қала береді. Ортақ мақсатымыз – ғасырлар бойы жалғасқан ұлттық ойынды халықаралық деңгейде кеңінен танылатын заманауи спорт түріне айналдыру. Түркістандағы чемпионаттың табысты өтуі – барлығымыздың ортақ жетістігіміз, – деді ол.
Қазақстан Республикасының көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров ұлттық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын айтты.
– Біз ойыншылардың шеберлігін арттыру үшін жаңа ережелер енгізіп, жарыстар санын көбейттік. Алдағы уақытта әлем чемпионаты тұрақты түрде екі жыл сайын өткізіліп, жастардың қатысуына ерекше көңіл бөлінеді, – деді федерация басшысы.
Өзбекстан құрамасының бас бапкері Абдубанно Рахмонов ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
– Турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Командамыз финалда лайықты өнер көрсетті. Өзбекстан халқын күміс медальмен құттықтаймын, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы әлем чемпионаты көкпардың халықаралық беделін арттырып қана қоймай, Орталық Азия елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етті.
Әлем чемпионатын Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының көкпар федерациясы және Түркістан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Чемпионаттың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры.



