Спорт

Түркістанда көкпардан әлем чемпионаты басталды

Түркістан қаласында тоғыз жылдық үзілістен кейін қайта ұйымдастырылған көкпардан әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі дода жаңадан салынған заманауи атшабарда өтіп, әлемнің тоғыз елінен келген үздік құрамаларды бір алаңға жинады.

Биылғы әлем чемпионатына Қазақстан, Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан құрамалары қатысуда.

Чемпионаттың алғашқы ойындарының бірі Ресей мен Моңғолия құрамалары арасында өтті. Моңғолиялық шабандоздар бұл жарыста Қазақстан тарапы ұсынған сәйгүліктермен өнер көрсетті. Олардың айтуынша, жаңа аттарға бейімделуге небәрі екі-үш күн жеткілікті болған.

Моңғолия құрамасының ойыншысы Оразақын Қоронхан команданың құрамында 12 спортшы келгенін айтты.

– Құрамамыздағы жігіттердің барлығы – қандас бауырларымыз. Көкпардан тұрақты жарыстарға қатысып жүрген тәжірибелі спортшылар. Олардың арасында аударыспақтан сынға түсетін балуандар да бар, – деді ол.

Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды. Жарыс регламентіне сәйкес, 17–19 наурыз аралығында топтық кезең ойындары өтеді. Үздік нәтиже көрсеткен командалар 20 наурызда жартылай финалда бақ сынаса, 21 наурызда Әз-Наурыз қарсаңында чемпион мен жүлдегерлер анықталады.

Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин жарысқа дайындық бір ай бұрын басталғанын атап өтті.

– Барлық қатысушы елдерге ақпаратты 30 күн бұрын жолдадық. Биыл әлем чемпионатына тоғыз команда қатысып отыр. Барлығына сәттілік тілейміз. Ең мықты команда жарыс барысында анықталады, – деді Данияр Қобыландин.

Алғашқы ойын күнінде жанкүйерлер тартысты кездесулердің куәсі болды. Ресей құрамасы Моңғолияны 3:0 есебімен жеңсе, Қазақстан құрамасы Тәжікстаннан 8:4 есебімен басым түсті. Ал Өзбекстан құрамасы Қытайды 10:0 есебімен ұтты.

Айта кетейік, әлем чемпионатының бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ, бас серіктесі – Спортты қолдау қоры.

TuraNews

Back to top button