Қоғам

Ұлытау облысындағы спорт: инфрақұрылым және саладағы жетістіктер

Жезқазған қаласы, 2026 жылғы 3 шілде – Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ұлытау облысындағы спорт: инфрақұрылым және саладағы жетістіктер» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг спикері – Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Елдос Аманкелдіұлы Абдраев өңірдегі спорт саласының даму қарқыны, инфрақұрылымды жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту, спортшылардың жетістіктері және 2026 жылы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, бүгінде облыста 236 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 227-сі мемлекеттік, 9-ы жеке меншік нысандар. 2026 жылы халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 78 пайызды құрап, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

2025 жылы өңірде 8 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні, Ұлытау ауданының Жезді кентінде 160 орындық және Жаңаарқа кентінде 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды.

Сондай-ақ Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандум аясында Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы мен Жезқазған қаласындағы 320 орындық «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен жасалған меморандум шеңберінде Сәтбаев қаласы мен Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылында ангар үлгісіндегі екі жылдам тұрғызылатын спорт кешені іске қосылды. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен Кеңгір ауылында құрастырмалы футбол манежі пайдалануға берілді.

Брифинг барысында өңірдегі спорттық инфрақұрылымды одан әрі дамыту бағытындағы өзекті мәселелер де айтылды. Атап айтқанда, Жезқазған қаласында жүзу бассейнін, мұз сарайын, ұлттық спорт түрлеріне арналған ипподромды, инклюзивті спорт орталығын, жабық футбол манежін және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін салу қажеттілігі атап өтілді. Сондай-ақ Жәйрем кентінде жүзу бассейнін, Сәтбаев қаласында спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатты, ал Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында жабық хоккей корттарын салу қажеттілігі сөз болды.

Спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жалпы 575 млн теңгеге бес ведомстволық мекемеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бүгінде облыста 316 дене шынықтыру-спорт ұжымы жұмыс істейді. Онда 77 342 тұрғын тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл облыс халқының 37,1 пайызын құрайды. Халықты бұқаралық спортқа тарту бағытында 55 спорт нұсқаушысы мен 18 спорт әдіскері еңбек етуде.

2026 жылдың алғашқы алты айында облыста 200-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 іс-шараға артық болды. Осы кезеңде Ұлытау облысының спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 900-ден астам медаль жеңіп алды. Оның ішінде 385 алтын, 263 күміс және 331 қола медаль бар.

Халықаралық аренада өңір спортшылары Азия чемпионаттарында 11 алтын, 12 күміс, ал әлем чемпионатында 1 күміс медаль иеленді. Сонымен қатар ауыр атлетикадан облыс спортшысы Берікбол Нұрсыйла 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Спикердің мәліметінше, 2026 жылы облыстың дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 6 млрд 356 млн 256 мың теңге бөлінді. Қаражат спорт ұйымдарының қызметін қамтамасыз етуге, облыс құрамаларын республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыруға, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдауға, спорт нысандарын жөндеуге және кәсіби спортты дамытуға бағытталған.

Брифинг қорытындысында Елдос Абдраев өңірде спорттық инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау және жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

 

TuraNews

Back to top button