Ұлытау облысында «Ulytau Invest–2026» Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы өтті

Форумға дейін облыс әкімі Дастан Рыспеков Шэньси провинциясынан келген делегация басшысы Ван Цзинцзинмен екіжақты кездесу өкізді.
«Ulytau Invest–2026» Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес және инвестициялық қауымдастық өкілдерінің басын қосты. Ауқымды іс-шараға Қытайдың 20-дан астам ірі компаниясының өкілдері қатысты.
Форум Ұлытау облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, жаңа бірлескен жобаларды талқылауға және өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыруға мүмкіндік берді.
Форумда сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков халықаралық ынтымақтастық пен инвестиция тарту өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Шэньси провинциясымен әріптестікті одан әрі дамытуға ерекше мән берілетінін жеткізді. Айта кетейік, форум бұған дейін облыс делегациясының Қытайдың Сиань қаласына жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің заңды жалғасы болды.
Іс-шара барысында тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, энергетика, логистика және инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдері арасында B2B, G2B форматындағы екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру және әріптестік байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысында жалпы құны 368,6 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар тұрғын үй қорын және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіпті дамытуға, шахталардағы қауіпсіздікті күшейтуге, төмен көміртекті индустриялық кластер қалыптастыруға және өңірде жел электр станцияларын салуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді.
Форумның ресми бөлігінен кейін Қытай делегациясының өкілдері үшін өңірдегі инвестициялық алаңдар мен өндірістік кәсіпорындарға таныстыру сапары ұйымдастырылды.



