Басты

ШҚО-да Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары талқыланды

Облыс орталығында «Жаңа Конституция — Әділетті Қазақстанның берік негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

«Бүгін біз ел тарихындағы аса маңызды оқиға — жаңа Халық Конституциясы ресми күшіне енетін жауапты кезеңде оның қоғам өміріндегі орны мен маңызын талқылап, пікір алмасу үшін сарапшылар алаңында арнайы бас қосып отырмыз. Ата Заң — мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін басты құқықтық құжат. Қоғам сұранысы мен заман талаптарына сай жүргізілген конституциялық реформалар еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталды», — деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Конституцияның қағидаттарын өмірде тиімді іске асыру — тек мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғам институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы мен әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Жиын барысында Жаңа Конституцияның қоғамдағы орны, оның қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру жолдары және азаматтық қоғам институттарының осы үдеріске қосар үлесі жан-жақты талқыланды. ҚАЕУ ғылыми жұмыстар және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі проректоры, қауымдастырылған профессор Юлия Гаврилова «Ұлттық құқықтық жүйені дамытудың негізгі жаңашылдықтары мен келешегі» тақырыбында сөз сөйлесе, С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Баиркенова конституциялық қағидаттардың бірі — заң алдындағы барлық азаматтардың теңдігі, құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың нақты тетіктері туралы баяндама жасады. Басқа да спикерлер өз ойларын ортаға салып, мазмұнды пікір алмасты.

TuraNews

Back to top button