Қоғам

Ұлытау облысында 2026 жылдың І жартыжылдығында бәсекелестікті қорғау және дамыту бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланды

2026 жылғы 30 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің 2026 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстары туралы есеп» тақырыбында брифинг өтті.

Іс-шараның спикері – Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлан Шахарманович Карибаев.

Брифинг барысында Департаменттің 2026 жылдың алғашқы алты айында бәсекелестікті дамыту және қорғау бағытында атқарған негізгі жұмыстары таныстырылды.

Есепті кезеңде Департамент тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 6 жоспарлы және жоспардан тыс талдау жүргізді. Талдаулар азық-түлік нарығындағы сауда орындарын ұсыну қызметін, кинопрокат қызметін, қанттың көтерме саудасын, табиғи монополия субъектілерінің өзге қызмет түрлерін, жанар-жағармайды бөлшек саудада өткізуді, сондай-ақ авиаотынды көтерме және бөлшек саудада өткізуді қамтыды.

Сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгертуге келісім беру жөніндегі 3 өтінішхат қаралды. Оның ішінде 2 өтінішхат қараусыз қалдырылып, 1 өтініш бойынша қарау жұмыстары жалғасуда.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы және тауарлар мен қызметтерді бәсекелестік негізде сатып алудың өзге мүмкіндігінің болмауы туралы қорытынды беру мәселесі бойынша 7 өтінішхат қаралды. Нәтижесінде 2 қорытынды беріліп, 3 өтініш бойынша қорытынды беруден бас тартылды, ал 2 өтініш қаралу үстінде.

Департамент 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын ұйымдардың қызметіне мониторинг жүргізіп, барлығы 14 кәсіпорынды қамтыды. Мониторинг нәтижесінде 2 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның монополияға қарсы органның келісімінсіз қызмет түрлерін жүзеге асырғаны анықталды. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдарға заң бұзушылықтарды жою туралы 2 нұсқама енгізіліп, олардың орындалуы бақылауда.

Бәсекелестікті қорғау бағытында мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін 2 мемлекеттік органның қызметіне мониторинг жүргізілді.

Сондай-ақ қантты көтерме сату нарығына жүргізілген жоспарлы талдау нәтижесінде жеке кәсіпкердің Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын бұзу белгілері анықталды. Осыған байланысты монополияға қарсы ден қою шарасы ретінде хабарлама шығарылып, белгіленген мерзімде толық орындалды.

Брифинг барысында Департамент жанындағы Тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңестің жұмысы туралы да айтылды. Жыл басынан бері Кеңестің үш отырысы өткізілді.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 21 мамырдағы отырыста «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвесторларды іріктеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша инвестициялық жобалар туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында, Қоғамның және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында жариялау, сондай-ақ өтінімдерді қабылдау тәртібі мен мерзімдерін нақтылау жөнінде ұсынымдар берілді. Нәтижесінде Қоғам өз қағидаларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Брифинг соңында спикер бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдары монополияға қарсы органның тергеп-тексеруін бастауға негіз болатындығын атап өтті. Осыған байланысты кәсіпкерлер мен азаматтарды, сондай-ақ БАҚ өкілдерін бәсекелестік туралы заңнаманы бұзу белгілері анықталған жағдайда бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне хабарлауға шақырды.

Департамент алдағы уақытта да өңірде әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру, нарық субъектілері үшін тең жағдай жасау және монополистік қызметтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.

TuraNews

Back to top button